BURABAI CUP – ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕРІ

Щучинск қаласында өткен республикалық турнирде біздің боксшылар топ жарды. 2025 жылдың 12–17 мамыры аралығында Щучинск қаласында өткен BURABAI CUP турнирі биылғы жылдың басты бокс додаларының біріне айналды. Бұл жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 100-ден аса талантты жас боксшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Аталған турнирде Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдерге арналған бокс мектебінің өрендері ерекше көзге түсті. Жас боксшылар барын салып, өз салмақ дәрежелерінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде команда 7 алтын, 5 күміс және 5 қола медальді қанжығасына байлап, аймақ абыройын асқақтатты.

Алтын жүлде иегерлерінің қатарында Расул Манасов та бар. Ол қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Расул жарыстың екінші күні бір залда жаттығатын досымен жұдырықтасуға мәжбүр болды. «Қиын болғанымен, бұл – бокста кездесіп тұратын жағдай», – дейді жас чемпион.

Турнирде ерекше көзге түскен тағы бір жұп – Қарағандыдан келген ағайынды Жанғазы Нұрлан мен Ерғазы Нұрлан. 30 келі салмақта өнер көрсеткен бұл былғары қолғап шеберлері қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, финалда бір-біріне қарсы шықты. Нәтижесінде, ағасы інісіне жол беріп, жүлделі екі орынды өзара бөлісті.

– Біздің осы деңгейде өнер көрсетуіміз – бапкерлеріміздің арқасы. Боксқа екеуміз де қызығушылық танытып, екі жыл бұрын ғана аяқ бастық. Қазір түрлі жарыстан топ жарып, чемпион атанып жүрміз. Екеуміз де финалға дейінгі қарсыластарымызды айқын басымдықпен жеңіп, финалда ініме жол бердім, – дейді Ерғазы Нұрлан.

Жас спортшылардың бұл жетістігі – жаттықтырушылар еңбегінің жемісі. Бұл ретте №76 мектеп жанындағы бокс үйірмесінің жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық.

– Біздің бокс мектебіміз 2002 жылы ашылған. Қазіргі таңда 200-ден астам шәкіртіміз үш ауысымда дайындалады. Бұл мектептен әлем чемпионы да, Азия чемпиондары да шыққан. Ал енді осы Burabai Cup жарысына келсек, жалпы командалық есепте бірінші орынды алдық. Айта кетерлігі, бұл жарыстың алдында осы спортшылар басқа бір турнирде де бақтарын сынап келген. Бастапқыда Бурабайға қатысуды ойламадым, себебі балалар қатты шаршап тұрды. Бірақ олар «ағай, біз қатысқымыз келеді» деп өтініп қоймады. Соңында шаршағандарына қарамастан, өздерін толық көрсете алды», – дейді спортшылардың жаттықтырушысы Әділхан Нұртазин.

Бұл жеңістер – жас спортшылардың тек еңбекпен ғана емес, ерік-жігермен де алға ұмтылып келе жатқанын дәлелдейді. Кішкентай чемпиондар алдағы уақытта ел намысын халықаралық аренада қорғауға әзір екендіктерін білдірді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»