Шахтер жеңіске жетті

Шахтер «Бірінші лигадағы» екінші жеңісіне қол жеткізді. SD Family футбол клубымен өз алаңымызды өткен ойында 4-1 есебімен жеңіс Шахтер командасына бұйырды. Осылайша қатарынан екі матчта жеңіп турнирлік кестеде жоғары орында тұр.

Капитан әрі қақпашымыз Игорь Шацкий бастаған команда алғашқы минуттардан бастап басымдықты өз қолдарына алды. Қайта-қайта шабуылды үдете түсіп, қарсылас командаға тұрақты қысым жасау нәтижесінде ойынның 17-ші минутында SD Family клубының жартылай қорғаушысы 19 жастағы Нұрәділ Серіков өз қақпасына гол салып алып, есепте Шахтер командасын алға шығарды. Ары қарай да жерлестеріміз ойынды өз бақылауында ұстап тура 10 минуттан кейін ойынның 27-ші минутында шабуылшы Максим Галкин әріптесі берген пасты сәтті алып шығып, қарсылас қақпашысымен бетпе-бет келіп, допты қақпашының үстінен әуелетіп өткізіп айласын асырып кетті. Есеп 2:0. Осылайша алғашқы тайм өз мәресіне жетті. Ойынның екінші жартысы басталысымен жерлестеріміз қарқынды тіпті үдете түсті. Бұған дейін есепті еселеуге мүмкіндіктері болса да, сәтті пайдалана алмаған Шахтер командасы 62-ші минутта 3:0-ге жеткізді. Гол авторы Диас Қалыбаев. Ойынның өз басымдылығымен өтіп жатқанын сезген жерлестеріміз байыппен өнер көрсете бастады. Осылайша шабылушымыз Арман Нүсіп есепті 4:0-ге жеткізді. Ойынның соңғы бөліктерінде SD Family ойыншысы Арафат Валиев жұбаныш голын соғып, 4:1 есебімен матч аяқталды.

Стадионға келген жанкүйердің үмітін ақтаған Шахтер командасы турнирлік кестеде екінші орынға жайғасты.  Бірінші орында тұрған павлодарлық Ертіс футбол клубымен гол айырмасында ғана айырмашылық бар болғанмен, ұпайымыз бірдей. Келесі ойын 25 сәуір күні Алматыда өтетін Хан Тәңірі командасымен болады. Жеңісті күндеріміз көп болсын, жерлестер!

Ералы ҒАНИ,

«QH»