Қарағандылық оқушылар республикалық олимпиадада жеңіске жетті
Қарағандыда қазақ тілінде оқытатын мектептердің оқушыларына арналған орыс тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада мәресіне жетті. Бес күнге созылған білім бәйгесіне еліміздің әр өңірінен келген жоғары сынып оқушылары қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша үш қарағандылық оқушы жүлдегер атанды. №2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушылары Ясмин Урицкая мен Мария Тен сәйкесінше бірінші және екінші орын алды. Ал үшінші орынды Теміртаудағы №16 мектептің оқушысы Карина Навасад жеңіп алды.
Олимпиада барысында қатысушыларға түрлі тапсырма беріліп қана қоймай, мәдени және психологиялық шаралар ұйымдастырылды. Оқушылар тренингтерге қатысып, музей мен табиғат аясында демалды.
Нәтижесінде 82 оқушы жүлдеге ие болып, үздіктерге ректорлық гранттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ясмин Урицкая Атырау университетінің грантына ие болып, ҚарУ-дан қос стипендия мен жаңа телефон ұтып алды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»