Қазақ махаббатының символы – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні
15 сәуір – қазақ жастары үшін ерекше күн. Бұл – шынайы сезімнің символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға арналған Ұлттық ғашықтар күні. Осы бір төл мереке жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен адал махаббаттың қадірін сіңіру мақсатында атап өтіледі.
Бұқаралық деңгейде бұл мерекені атап өту 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың бастамасымен қолға алынған. Ол «Әулие Валентин» күнінің қазақ болмысына сәйкес келмейтінін айтып, оның баламасы ретінде Қозы мен Баян махаббатына арналған күнді ұсынды.
Уақыт өте бұл идея қолдау тауып, 2011 жылы Алматы қаласының әкімдігі 15 сәуірді ресми шаралар қатарына енгізді. Ал келесі жылы елордалық студенттер ұлттық «Ақсүйек» ойынын ұйымдастырып, махаббат күнін жаңаша деңгейде атап өтті.
Қазіргі таңда бұл күн ресми түрде белгіленбегенімен, жастар арасында кеңінен атап өтіледі. Ғашықтар бір-бірін құттықтап, сыйлықтар беріп, түрлі мәдени шара арқылы бұл күннің маңызын арттыра түсуде.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу жайындағы эпос – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. XIII-XIV ғасырлардан жырланып келе жатқан бұл лиро-эпостық туындыда қос ғашықтың тағдыр тауқыметі, адалдығы мен жанқияр махаббаты баяндалады.
Қозы мен Баян тағдыр тәлкегіне қарсы тұрып, махаббат жолында ауыр сынақтардан өтеді. Қос ғашықтың арасына түскен Қодардың зұлымдығы ақыр соңында қайғылы жағдаймен аяқталады. Бұл жыр тек махаббат туралы ғана емес, адамгершілік, адалдық пен батылдық жайлы терең ой қозғайды.
Аягөз өзені бойында орналасқан Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазары – махаббаттың мәңгілік ескерткіші. Таңсық стансасынан 10 шақырым жерде орналасқан бұл кесене XII ғасырдың сәулет өнеріне тән үлгіде салынған. Оның қабырғасы гранит тас пен балшықтан тұрғызылып, есігі күншығысқа бағытталған.
1982 жылы тарихи ескерткіштер қатарына енгізілген мазар мемлекет қорғауына алынды. Ал 2013 жылы Аягөз қаласында қос ғашықтың құрметіне ескерткіш бой көтерді.
Қозы мен Баянның шынайы сезімі – ұлт жадындағы мәңгілік махаббаттың көркем көрінісі. Ұлттық ғашықтар күні сол асқақ сезімді ұрпақ санасында жаңғыртатын, ұлт мәдениетін ұлықтайтын мәні зор мерекеге айналып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»