Қарағанды жастары баспаналы болмақ
Өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мәселесіне тоқталған еді. «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар, сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деді ол. Солардың бірі жас мамандарды қолдау мақсатында, оларды баспанамен қамту үшін «Қарағанды жастары» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.
– Осы орайда 2022 жылдан бастап, аймақтық жас мамандар үшін жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасы жүзеге асырылды. Сол мақсатта облыстық бюджеттен 1 миллиард және «Отбасы банк» тарапынан қосымша 500 миллион теңге мөлшерінде қоса қаржыландыру бөлінді. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыс өз жалғасын тауып, Теміртау, Саран қалаларында да іске қосылды. Нәтижесінде үш жыл ішінде 350 несие берілді. Биыл бұл жобаға құжат тапсыру 15-18 сәуір аралығында басталады. «Жұмысшы мамандықтар» жылы болғандықтан, бағдарламаға жұмысшы жастар да қатыса алады, – деді облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова.
Мамандардың айтуынша, биыл жалпы 2 миллиардтан астам теңге қаржыландыру жоспарлануда. Оның аясында кемінде 107 несие беру көзделген. Нәтижесінде бағдарламаға сай үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар, отбасында ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Басты талаптардың бірі – соңғы 5 жылда ел аумағында, атында тұрғын-үйдің болмауы маңызды. Жұбайының атында да баспана жоқтығы ескерілетінін ұмытпаған жөн.
– Ипотекалық бағдарламаға толыққанды денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатыса алады. Сондай-ақ «Қазпошта», Төтенше жағдай департаменті, мемлекеттік қызметкерлер, жоғары оқу орындары, әлеуметтік сала және коммуналдық қызмет саласының өкілдері де баспаналы бола алады. Айта кетейік, несие алу шарттары сол қалпында, өзгеріссіз сақталған. Несие соммасы – 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бастапқы жарна – 10%-ды құраса, пайыздық мөлшерлеме жылына 6%-ға дейін қаралады. Ал қарыз мерзімі – 19 жылға дейін саналады. Сатып алатын тұрғын үй Қарағанды қаласында бастапқы қайталама нарықтарда пайдалануға берілетін тұрғын үй болуы тиіс. Сатып алынатын тұрғын үйдің құны шектеусіз, – дейді Айсұлу Ерниязова.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімдігімен «Отбасы банк» «Қарағанды жастар» бағдарламасы бойынша қарыз алушыларды несиелеуге 1 миллиард 250 миллион теңге бөліп отыр. Қатысушылардың тізімін жергілікті атқарушы орган қарастырғаннан кейін ғана «Отбасы банк»-тен несие алуға жолдама алады. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 92 жас маман, 2023 жылы 82 маман, 2024 жылы 73 маман несиелі болды.
– 15 сәуірден Қарағанды қаласынан жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының төртінші кезеңі басталды. Бұл – Қарағанды облысы әкімдігі мен «Отбасы банк»-тің жүзеге асырған жобасы. Біздің басты мақсат – жас мамандарға жеңілдікпен несие алу арқылы, баспаналы болуға мүмкіндік беру. Осы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру арқылы олар биыл қоныстой тойлайды, – дейді «Отбасы банк» АҚ Қарағанды облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Сұлтан Айдарханов.
Ералы Ғани,
«QH»