«Senat Open» ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті
Қарағанды қаласында шахматтан «Senat Open» екінші ашық кубогының іріктеу турнирі өтті. Бұл жарыс – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен және қолдауымен ұйымдастырылып отырған республикалық деңгейдегі бірегей спорттық жоба.
«Senat Open» – еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері мен ардагерлер арасында шахмат ойынын насихаттау және ел ішіндегі байланысты нығайту мақсатында өткізілетін турнир.
-Бұл шараның мәні бір-бірімізбен араласып жақсы қарым-қатынас орнатуымызда. Жарысқа қатысушылар әр деңгейде. Өкінішке қарай бір-бірімен жиі араласпайды. Мен 11 жыл депутат болдым. Басқа аудандар мен қалалардағы әріптестерімді білмейтінмін. Бұл әртүрлі сала өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлермен, ардагерлермен, депутаттармен, БАҚ өкілдерімен бір алаңда сөйлесу мүмкіндігі және өзіміздің балаларымызға шахмат спортын нәсихаттау, –деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Биылғы іріктеу кезеңіне Қарағанды өңірінің барлық қалалары мен аудандарынан 116 адам қатысты. Қатысушылар қатарында түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, журналистер және мемлекеттік қызметшілер бар.
Турнирдің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 35 шахматшы келесі кезең – жартылай финалдық турнирге жолдама алды. Бұл кезең өңірлік принцип бойынша ұйымдастырылып, солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарға бөлініп өткізіледі.
«Senat Open» турнирінің алғашқы маусымы 2024 жылы өткізілген болатын. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен келген қатысушылар белсене атсалысты. Турнирдің финалы елордада өтіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін көпшіліктің оң бағасын алды.
Өңіріміздегі іріктеу турнирі ҚР Парламенті Сенатының, Қарағанды облыстық мәслихаты мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізілді. Командалық есепте Абай ауданы мен Теміртау командаларынан басым түскен облыс орталығы Қарағанды қаласының шахматшылары жеңімпаз атанды.
Ералы ҒАНИҰЛЫ,
«QH»