Қарағандылық оқушыларға жақсы бағалар үшін ақша төленеді

Қарағанды облысында білім беру саласында жаңа серпіліс жасалды: енді мектеп оқушылары жақсы бағалар үшін нақты сыйақы ала алады. Облыстық білім басқармасының жетекшісі мен Halyk Bank өкілдері екіжақты маңызды келісімге қол қойып, елімізде бұрын-соңды болмаған ынталандыру бағдарламасының басталғанын хабарлады.

Бұл бастама – «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы әзірлеген Bilimal платформасы мен Halyk Bank арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жемісі. Жоба 5-11 сынып оқушыларына арналған және олардың үлгерімін көтеруге, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын дамытуға бағытталған.

– Күн сайын 10 балл алған оқушыларға 100 бонус (яғни, 100 теңге) беріледі. Бұл бонустар тікелей Халық Easy картасына түседі. Негізгі талап – мобильді қосымшаны жүктеп, тіркелу. Оны оқушы да, ата-ана да орната алады, деп түсіндірді «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығының жетекшісі Фарида Ақшалақова.

Бағдарламаның жұмысы өте қарапайым: Bilimal жүйесіне тіркелген оқушылар күнделікті формативті бағалау нәтижесінде алған әрбір 10 балл үшін 100 Halyk бонусын иеленеді. Бұл бонустарды смартфон арқылы төлем жасау үшін де қолдануға болады. Ай сайын оқушы ең көбі 1 000 бонус жинай алады.

Kundelik жобасының бас директоры Мұхтар Ілиясовтың айтуынша, бұл бағдарлама бұрын басқа қалаларда сынақ ретінде енгізілген, ал Қарағанды облысы – кеңейтілген кезеңнің бір бөлігі.

«Оқушылардың үлгерімі артты, білімге деген ынтасы жақсарды. Біздің басты мақсат – балалар оқысын, ал біз ынталандырайық», – дейді Мұхтар Ілиясов.

Жоба аясында ай сайын қосымша 10 оқушыға 100 000 Halyk бонусы ойнатылады. Бұл үшін оқушы сол айда кем дегенде 10 «ондық» баға алуы тиіс. Жеңімпаздар тікелей эфирде анықталады, ал алғашқы ұтыс 10 мамырда өтеді.

– Бұл тек бастамасы. Қарағанды облысы үшін арнайы науқан бастаймыз, сәуір мен мамыр айларында үздік оқушыларға қосымша сыйлықтар беріледі, – деп атап өтті Halyk Bank Қарағанды облыстық филиалының директоры Иван Скородиевский.

Ата-аналар EduMark 2.0 қосымшасына кіріп, «Halyk Easy» баннерін басу арқылы тіркеліп, келісім берулері қажет. Кейін Halyk Easy картасын ашып, Halyk Kazakhstan қосымшасына тіркелсе болғаны – балаңызға автоматты түрде бонустар түсе бастайды.

Жоба авторларының айтуынша, бұл бастама Қазақстанда цифрлық білім беру мен қаржылық тәрбиені ұштастыратын жаңа кезеңді білдіреді. Елдегі мектептер үшін мұндай кешенді IT-шешімдер – келешекке инвестиция.

«Қазақстан – ТМД елдері арасында осындай заманауи шешімдерді алғашқылардың бірі болып енгізіп жатқан ел», – дейді мамандар.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»