Қарттарға тағы бір демалыс орны керек пе?
Жыл соңына дейін елімізде сегіз «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу жоспарлануда. Қазақстан Республикасындағы аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі Ұлттық Жоспарда орталық санын 2025 жылға дейін көбейту көзделген.
Кеншілер астанасында қазір мұндай орталық жоқ емес. Бірақ бұл орынның қызметі Қарағанды облысы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру» әлеуметтік бағдарламасының өкілдері тарапынан наразылық тудыруда.
— Ұлттық жоспар Қазақстанның екі миллион зейнеткері мен өңіріміздің 200 мың тұрғынының мүддесін қорғайды. Бұл құжатты қабылдау үшін Қарағанды ардагерлер ұйымдары бес жыл бойы табанды еңбек етті. 2016 жылы ҚР Парламенті мен ҚР Үкіметіне ашық хат жолдады. Бірлескен күшжігерімізбен біз Ұлттық жоспардың қабылдануына ғана емес, қоғамдық бақылау құқығына да қол жеткіздік, — деп атап өтті бағдарлама үйлестірушісі Виктор Чайка.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасының өкілдері қарт адамдарға арналған орталық ашуды қолдап отыр. Ұлттық жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін мұндай мекемелер саны 140-қа жетеді деп күтілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, республикада орталықтар тоғыз өңірде, соның ішінде біздің облыста да жұмыс істейді. Алайда, Виктор Чайка Қарағандыда жұмыс істейтін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарттардың қажеттіліктерін толық өтей алмайтындығын атап өтті.
— Бүгінде зейнеткерлерге арналған үлкен ғимаратта гимнастика, қазақ тілін үйретететін, компьютер сабақтарын өтетін үлкен жұмсақ дивандары бар бір бөлме бар. Бір топ зейнеткерлер дәліздерде демалуға арналған орындықтарды таба алмай 35 минут бойы әлек болды. Танымдық материалдарды қарауға арналған аудио-видео құралғылары да жоқ. Зейнеткерлердің қызығушылықтары бойынша топтық қарым-қатынас орнату, деректі, тарихи фильмдерді көру үшін жағдай жасалмаған. Ал, қарттар үшін, әсіресе, жалғызбасты азаматтар үшін бос уақыт және ұжымдық қарымқатынас мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс. Зейнеткерлердің белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ұйымдастыру кезінде осы жағдайларды ескеру қажет, — деді Виктор Чайка.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасының үйлестірушісі орталық құрудың өз нұсқасын жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға ниетті. Оның пікірінше, қарттардың демалыс орны бұрынғы Ленин атындағы кинотеатрдан ашылуы қажет.
— Ғимараттың жеке тұлғаның меншігіне сатылғанын ескере отырып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы мұнда қарт азаматтардың бос уақытын өткізетін орталық пен шағын кинотеатры мен аттракциондары бар мәдени-демалыс орнын ашуға болады, — дейді қоғам белсендісі.
Еңбек ардагерінің «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына қатысты сыны ұйым басшысы Раушан Күзгумбаеваны таң қалдырды. Оның айтуынша, пандемиядан бұрын мұнда 60-қа жуық адам бос уақытын спорттық және зияткерлік ісшаралармен өткізген. Сонымен қатар, облыстың басқа аудандарында филиалдар ашу жоспарланған.
— Қазіргі уақытта орталыққа 27 адам жазылған. Оған 9-10 қатысушыдан тұратын топ тұрақты келіп отырады. Бізде сауықтыру, дене шынықтыру, қазақ тілін оқыту, тоқу курстары бар. Келесі аптада компьютерлік курстар ашылады. Пандемиядан бұрын зейнеткерлер ағылшын тілін де үйренді. Қарт адамдар мұнда аптасына екі рет – дүйсенбі мен сәрсенбі күндері келеді.
Ал, дойбы мен шахматты күн сайын ойнай алады. Карантиндік шараларға байланысты біз кабинетке жеті адамды кіргіземіз, әлеуметтік қашықтықты сақтаймыз. Біздің зейнеткерлеріміз үшін барлық жағдай жасалған. Пандемиядан кейін бұрын келіп жүрген басқа да зейнеткерлер келеді деген сенімдемін, — деді Раушан Күзгумбаева.
Осы жылдың ақпан айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасын бекіткен болатын. «Ол халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің түрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін әзірленген», — делінген Еңбек министрлігінің жазбасында.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.