Тәуелсіздік белгісі
Қаламыздың Н.В.Гоголь кітапханасында «Тәуелсіздік белгісі» таныстырылды. Оның авторы – Qazaq club республикалық клубының жетекшісі Нұржан Сұршаұлы.
«Тәуелсіздік белгісі» – Қазақстан тарихы мен бірлігінің нышаны. Ол осыған дейін жасалған, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2020 жылы таныстырылған «Тәуелсіздік лентасы» негізінде әзірленген.
– Бұл белгіні жасаудағы басты мақсат – Қазақстан тарихын жастар арасында насихаттау, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге деген құрметті қалыптастыру. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған негізгі тарихи оқиғалар мен қайраткерлер туралы жастарға айтып беру. Бұл белгі жас ұрпақты еліміздің бай мұрасымен таныстырып қана қоймай, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді автор Нұржан Сұршаұлы.
«Тәуелсіздік белгісі» алтын түсте жасалған және жеті көрнекті тарихи тұлға мен сегіз маңызды тарихи даталарды қамтиды. Белгінің орталық элементі – QAZAQSTAN деген жазуы бар Қазақстан Республикасының картасы. Бұл елдің аумақтық тұтастығы мен бірлігін білдіреді. Сондай-ақ, белгіде Түркі қағанатының Бөрілі байрағы, Алтын адам, Мөде қаған, Керей мен Жәнібек, Абылай мен Кенесары, Алаш қозғалысының белді өкілі Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік жарияланған 1991 жыл бейнеленген.
«Тәуелсіздік белгісін» тарихшылар мен сарапшылар жоғары бағалады. Олардың ішінде Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков бар.
Болашақта «Тәуелсіздік белгісі» негізінде монета шығару жоспарлануда.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»