Маңызды бастама

Балқашты қорғауға 5 миллион доллар. Қазақстан осы күндері Сауд Арабиясының астанасында өткен One Water Summit саммитінде бірқатар маңызды бастама ұсынды. Сол бастамалардың бірі – Қарағанды өңірінің інжу-маржаны саналатын Балқаш көлінің экологиясын сақтауға бағытталған.

3 желтоқсан күні Сауд Арабиясының астанасында БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясының 16 сессиясы аясында ұйымдастырылған Халықаралық су ресурстарын сақтау саммиті болды. Ірі халықаралық шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макронның төрағалығымен өтті. Саммитте мемлекет басшыларының, халықаралық ұйымдар, қауымдастықтар мен компаниялар өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, су ресурстарын сақтау бойынша әр елдің тәжірибесі талқыланды.

– Балқаш көліне назар аудару керек. Ішкі су қоймаларының ішінде де ерекше көңіл бөлуге тұрарлық су көздері бар. Балқаш көлі – солардың бірі. Оның бір бөлігі тұзды су болса, екінші бөлігі тұщы судан тұрады. Көлдің оңтүстігінде Рамсар конвенциясына кіретін су-батпақты алқаптар орналасқан, – деді ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова.

Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова еліміздің су ресурстарын сақтау саласындағы бес ұлттық бастамасын ұсынды. Сол бастамалардың бірі – Балқаш көлінің бірегей экожүйесін сақтау. Бұл жоба аясында Қазақстанның ірі жеке компаниясы «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің тұрақты экожүйесін сақтау жобаларына 5 миллион АҚШ долларын бөлетінін мәлімдеді.

– Сіздің рұқсатыңызбен, Қазақстанның жетекші жеке компаниясы – «Қазақмыс» корпорациясының Балқаш көлінің экожүйелерін сақтау жобаларына 5 миллион АҚШ долларын бөлу туралы шешімін жариялағым келеді. Біз жеке сектор өкілдерінің осындай ауқымды міндеттерді қабылдап, су экожүйелерін сақтауда көшбасшылық танытуына мақтанамыз, – деді Зүлфия Сүлейменова.

One Water Summit 2024 су ресурстарын басқаруға қатысты жаһандық сын-қатерлерді талқылап, халықаралық деңгейде ортақ шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды. Қазақстандық бастамалардың таныстырылымы еліміздің тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібіндегі белсенді рөлін тағы бір мәрте айшықтап берді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                     

«QH»