Мектептерді жаңғырту
Жайлы мектептер, тірек және магнитті білім ошақтары. Қарағанды облысында сапалы білімге қолжетімділік қағидасына сәйкес ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, ауылға жас мамандарды жұмылдыру мәселесі қаралды.
Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасы алшақтығын қысқарту мақсатында яки ауылдағы білім ошақтары да қаладағыдай заманауи оқу құрылғы жабдықтарын қолдана отырып сапалы білім беруі үшін аймағымызда бірқатар жоспарлы іс бекітілген. Біздің облыстағы 404 мектептің 222-сі ауыл мектебі. Онда 34 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ең алдымен апатты мектептер мәселесін шешу назарда. Сол жұмыстың бірі желтоқсан айында Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында және Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы апатты жағдайдағы мектептер орнына бой тіктеген жаңа білім ордалары тапсырылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Гагарин ауылы, Ақадыр мен Шұбаркөл кенттеріне қосымша ғимарат құрылыстары тәмәмдалғалы отыр. Шет және Бұқар жырау аудандарында ауыл тұрғындары үшін бес жайлы мектеп құрылысы басталған.
– Соңғы үш жылда барлығы 126 ауылдық нысанға жөндеу жұмыстары жасалған, оның ішінде 2,9 миллиард теңге сомасына 28 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл біз 60 білім беру нысанында, оның ішінде 8 ауылдық жердегі мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мұнан басқа мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлердегі 34 мектеп орта білім беру нысандарын жөндеудің үш жылдық жоспарына енгізілген, – деді Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Яғни алдағы үш жылда 34 ауыл мектебін күрделі жөндеп, материалдық техникалық қамтамасыз етуге екпін салынады. Ал нақты келер жылы 9 мектеп күрделі жөнделеді, оған 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл күнде 111 ауылдық білім ошағы жаңғыртылды, жөндеуден өтіп, пәндік кабинеттер оқу құрылғы қажеттілігімен жабдықталған.
– Барлық ауылдық мектеп қазіргі уақытта, интернет желісіне қосылған. Биыл ауылдық мектептерге, интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта облыстың барлық мектебіндегі интернет жылдамдығы барлық талапқа сәйкес келеді. Ауыл мектептерін заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету бойынша, жұмыстар жүргізілуде. Биыл 534 миллион теңгеге, 48 жаңа модификациялық кабинеттерді сатып алдық, – дейді Білім басқармасының басшысы.
Алдағы жылы 601 миллион теңгеге модификациялық 42 кабинетті сатып алуды жоспарлап отырмыз деді ол. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп ауылдағы тірек мектептерін дамыту жобасы да жүзеге асырылуда. Қор есебінен 2 миллиард теңгеге 8 ауылдық мектебі заманауи жиһаздармен оқу құрылғыларымен жабдықталған. Ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар жоба қолданыста. Мәселен, біздің облысымыздың 32 ауыл мектебі «Еліміздің мақсатты мектептерін дамыту» жобасына енген. Одан бөлек 30 ауыл мектебіне «Мың мектеп» республикалық жобасы аясында әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар , «Қала-ауыл» республикалық жобалар барысында ауыл мектептеріне практикалық көмек ұсынылады. Оқушылардың аграрлық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру үшін 65 мектепте «Ауылшаруашылығына қадам» жобасы жүзеге асырылуда. Алқалы жиын барысында елдімекен оқушыларының жетістіктері де айтылды. Аймақ басшысы ауыл мектептерінде ұстаздар білікті, білімді болуы керек деді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»