Мамандар сайысы

19 қараша – халықаралық дефектологтар күні аталып өтті. Айтулы датаға орай, Қарағанды зерттеу университетінде «Дефектологиялық оскар – 2024» байқауы өтті. Болашақ педагог мамандар сынға түскен сайыс тартысты болды.

Дефектолог – балалар маманы, физикалық немесе ақыл-ой дамуында артта қалған балаларды оқытуға мамандандырылған мұғалім. Бала дамуына, тілдік, ой қалыптасуына ықпал ететін дефектологтардың кәсіби мерекесі халықаралық деңгейде 19 қараша аталып өтіледі. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің педагогика, арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасы дефектологтар мерекесіне арнайы «Дефектологиялық оскар – 2024» байқауын Голливуд стилінде ұйымдастырған. Бұл сайыс студенттердің болашақ мамандығына деген қызығушылығын артырады, әрі шығармашылық әлеуетін жоғарылатады, дейді кафедра меңгерушісі.

– Сонымен бірге ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысуға болатын мақсатта өткізіліп отырған шара. Жылда біз бұл шараны әртүрлі форматта өткізіп тұрамыз. Біріншіден, бұл жерде студенттер, өздерінің болашақ кәсіби мамандықтарын басқа педагогикалық мамандықтар арасында шоқтығы биік екендіктеріне көздері жетеді. Себебі, ерекше білім беруді қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу басқа педагогикалық мамандықтар арасында жоғарғы білікті кәсібилікті қажет етеді, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Рымханова.

Қазіргі кезде елімізде 17 ЖОО-да арнайы педагог-дефектолог мамандар даярлайтын болса, соның ішінде педогогика, арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасы Қазақстандағы ашылған екінші кафедра. Биыл кафедраның 40 жылдығы атап өтілді. Білім беруде тәжірибесін айтарлық жинақтаған кафедра болашақ педагогтарды заманауи үлгіде даярлауға екпін салған. Сол себептен де, «Дефектологиялық оскар – 2024» байқауында сайыскерлер әлеуметтік инклюзивтік оқыту, тану, зерттеу бағытындағы тапсырмаларды орындаумен қоса қатысушының шығармашылық, жалпы қабілет әлеуетін анықтау тапсырмаларын да орындауы шарт. Сайысқа 10 команда, жалпы 40 студент қатысты.

– Бүгінгі шара, біз жалпы дефектология саласының 4 курс студенттері болғандықтан көзге түсіп, орын алғымыз келді. Біз жеңіске жеттік. Байқау ерекше өтті, осылай қызықты етіп өтсе, студенттер толығымен қатысатын болады, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ студенті Аяжан Қуанышбекова.

Дефектологияның тағы бір ерекшелігі – ол медицина мен педагогиканы біріктіретін мамандық және бүгінде сұранысқа аса ие кадрлардың бірі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»