Маңызды мәселелер

Жалпыға бірдей декларациялаудың зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттерге қатысты тұсы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілуде. Ол кезде декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, одан кейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тапсырды. Биылдан бастап жалпыға бердей декларацияның үшінші кезеңінде заңды өкілетті органдардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырды. Ал келесі жылы төртінші кезеңде қалған азаматтар тобы, бұл жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер декларация тапсыруы тиіс.

– Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда, бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсырудың тұжырымдамасы осыдан он төрт жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтек саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемеге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерестерден кейін, төртінші, яғни соңғы кезеңде, азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша Мемлекет басшысы жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші және соңғы кезеңіне жататын азаматтардың декларация тапсырғаны қаншалықты орынды екеніне назар салды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтау қажет деді.

– Мен өзімнің декларацияны тапсырып жүргенім алғашқы жыл емес. Жалпыға бірдей декларацияда айтарлықтай қиындық жоқ. Тек өзіңіздің ақшалай қаражатыңызды көрсетесіз. Қалғаны мәліметтер базасынан алынады. Қатардағы тұрғынға декларация толтырып, тапсыру да қиындық жоқ. Қиындығы сол, система жұмыс істемейді. Президент келеңсіздіктерге қатысты айтты. Салық органы қажетті платформаны тәртіпке келтіріп, одан кейін ғана азаматтардан талап еткені жөн, – деп өз ойын білдірді Қазақстан кәсіпкерлер мен сервистік қызметтер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.

Президент әлеуметтік желідегі әдемі суреттер мен агрессиялы жарнама елес өмір мысалдары екені және жастардың бойында сол жалған құндылықтар қалыптасып жатқанына алаңдаушылығын білдірді. Қалай дегенмен әрбір жетістіктің бастауында тыңғылықты еңбек тұрғанын атап өтті. Ауылшарушалығы еңбеккерлерінің форумында қазір елімізде жылқы саны өсіп келе жатқаны бірақ асыл тұқымды жылқы үлесі аз екенін атап өткен Президент мал тұқымын асылдандыруға баса мән берген жөн деді. Қостанай жылқысы да мықты, алайда жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, деген Мемлекет басшысы биыл қазақ жылқысы тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық, енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам Үкіметке жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырдым деді. Адал да жауапты еңбек арқылы табысқа жету маңыздылығы да баса айтылды.

Президент өз сөзінде осыған дейін жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне, өнертапқыштар мен ғалымдарға құрметті атақтар белгілеуді ұсынғанын еске салды. Осы мақсатта 9 құрметті атақ пайда болады. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы қызметкерлерінің ел дамуына қосқан үлесін атап өтуге назар салынбақ. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» науқанын да атап өтті. Оның арқасында елдімекендер тазарып, жаңа келбетке ие болды, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қоршаған ортаға қамқорлық қоғамдық мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы халықтың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама қабылданғанын да атап өтті.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                     

«QH»