Қысқы жол тазалығы

Жол бойында қарды ұстап қалуға арналған қалқандар орнатылады. Қарағанды ​​облысында автокөлік жолдарында қар кептелісін болдырмау үшін тиісті жұмыстар қолға алынуда. Ұзындығы 241 шақырымды құрайтын 122 учаске ерекше бақылауда. Алқалы жиында Ермағанбет Бөлекпаев қысқы кезеңді қауіпсіз өткізу бойынша тиісті басқармаларға тапсырмалар жүктеді.

Қысқы маусымның басталуымен бірге жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе қарлы борандар мен көктайғақтан туындаған қиындықтар көлік жүргізушілерін де, жолдарды тазалауға жауапты жергілікті әкімдіктерді де алаңдатып келеді. Осыған орай, қазіргі уақытта қала және аудан әкімдіктері қар тазалау техникасының дайындығын тексеріп, тиісті әзірлік актілеріне қол қоюда. Бүгінгі жиында Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов биылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары туралы баяндап, биыл жол жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысы көлік жолдарын қысқы маусымда күтіп-ұстау шараларына тоқталды. Қыс мезгіліне дайындық ретінде жол жиектеріндегі шөптер мен бұталар тазартылды. Қазіргі таңда облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды қамтамасыз ету үшін 66 мердігер компания анықталып, 1 200-ге жуық жол жұмысшысы мен 1 026 арнайы техника жұмылдырылды. Ауа-райының қолайсыз күндері жолда қалған адамдар үшін облыс аумағында 35-ке жуық жылу пункті дайындалып отыр.

– Көктайғақ күндері жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жауапты мекемелер қажетті мөлшерде құм мен тұз сияқты материалдарды әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, 1 000 уақытша жол белгісі орнатылуда, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.

Аймақ басшысы өткен жылы орын алған кемшіліктерге тоқталып, олардың биылғы маусымда қайталанбауын қадағалауға баса назар аударуды тапсырды. Өткен қыста Теміртау-Қарағанды ​​және Солтүстік айналма жолдарда қар тазалау жұмыстары жеткіліксіз деңгейде болып, жол қозғалысында қиындықтар туындаған. Бұл кемшіліктерді болдырмау мақсатында Қарағандының Солтүстік айналма жолында қарды ұстайтын қалқандар орнату жұмыстары басталды. Ұзындығы 5,5 км болатын қалқандардың бүгінде 1,5 км-і дайын болса, айдың соңына дейін тағы 1 шақырым жер жабдықталады деп жоспарлануда.

– «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды филиалының басшысына жолдарды қысқы маусымда тазалау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қауіпті учаскелерді алдын ала анықтап, қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Төтенше жағдайлар департаменті «ҚазАвтоЖол» компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімінің айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін жауапты органдардың бірлесе жұмыс жасауы қажет. Ауа-райының қолайсыз жағдайларында жолдарды дер кезінде тазалау және кептелістердің алдын алу маңызды.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,                                    

«QH»