Жастарға арналған комьюнити орталығы
Қарағанды қаласында шығармашылық жастарға арналған комьюнити орталығы ашылды. Бұл – жастар өз жобаларын құрып, білікті көмек ала алатын орын.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, ЖРО директорлары, депутаттар, жастар, студенттер, қала тұрғындары қатысты.
– Комьюнити-орталығы жеті аймақты қамтиды, олардың әрқайсысы жастардың бойындағы дарын мен әуестігін анықтауға мүмкіндік береді. Қауымдастық алаңында көптеген идея мен жобалар жүзеге асырылатынына сенімдімін. Шараларды ұйымдастыруға, қатысушыларды оқытуға және қолдауға барлық күш-жігерімізді саламыз, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Орталықта психологиялық көмек қызметі жұмыс істейді, сондай-ақ заңгерлік және қаржылық кеңес алуға, кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес алуға болады.
Орталықтың барлық қызметі – тегін.
– Орталықтың мақсаты – жастардың шығармашылық бастамаларын дамыту мен оларды қызығушылығы бойынша біріктіретін идея алмасу және қолдауға бағытталған өз жобалары мен шараларын жүзеге асыруды ұйымдастыру. Мұнда тегін негізде білім беру және мәдени шаралар өткізіледі, жастар білікті психологиялық және заң көмегін, жұмысқа орналасуға, қаржы мәселесі бойынша кеңес ала алады, – деп атап өтті Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Ілияш.
Жастарға арналған комьюнити орталығында дыбыс жазу, дизайн, подкаст жазу және кәсіптік бағдар беру жұмыстары саласындағы идеялармен алмасу және жобаларды жүзеге асыру үшін шығармашылық және диалог алаңдарын құру бойынша ақысыз қызмет көрсетіледі.
Орталық 7 аймаққа бөлінген. Әрбір аймақтың кураторлары контент пен өнімдерді жасаумен қатар студенттердің өз бетімен жұмыс істеуге қажетті дағдыларды алғанға дейін бағыт-бағдар береді. Барлық қажетті материалды, арнайы жабдықты және т.б. жастарға, студенттерге тегін беріледі.
Сонымен қатар, «JUMYS TAP» жобасы аясында барлық жас арнайы комьюнити орталығына келіп тіркеліп, қажет мамандықтарды игеріп, сертификат алуға зор мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Қарағанды комьюнити-орталығы – еліміздегі үшінші орталық. Бұған дейін Алматы мен Қызылордада да осындай екі нысан ашылған.
Орталық 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында ашылды. Ол Тәттімбет көшесі 709 мекенжайында орналасқан.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»