Пікірсайыс турнирі

Қарағандыда ADAL CUP республикалық дебат турнирі өтті. Шараны ұйымдастырушылар: Қарағанды облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті, Қарағанды облысының Жастар саясаты басқармасы мен Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы.

Республикалық дебат сайысына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Ұлытау облысынан 40 команда қатысты.

– Шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, жаңа идеялармен бөлісу, жастардың пікірталас құқықтық сауаттылықтарын арттыру, осы арқылы олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасуына және студенттік жастар арасында көшбасшылық қасиеттер мен патриоттық сезімді дамыту, – дейді ұйымдастырушылар.

Турнирдің ашылу салтанаты мен алғашқы пікірсайыстар Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде өтті.  Дебаттың салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Сергей Перов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті ректорының м.а. Ербол Сармурзин қатысып, қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

Дебат сайысының қорытынды кеші мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Достық үйінде өтті. Жеңімпаздарды Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Ілияш марапаттады.

Дебат қорытындысы бойынша төмендегі командалар жеңіске жетті.

Қазақ лигасы:

1 орын «Тараз» командасы, ойыншылар Елемес Сланбек, Бекхан Жақсылық (Павлодар қ., Өскемен қ.);

2 орын «Қарағанды» командасы,ойыншылар Ілияс Маратов пен Мадияр Қадыл (Қарағанды қ.);

3 орын «Тұмар» командасы, ойыншылар Нұргелді Серікбосынов, Асылжан Рымқұлов (Семей қ.).

Орыс лигасы:

1 орын «Куздеубаев Нуртас» командасы, ойыншылар Нуртас Куздеубаев, Ролан Мухитжан (Астана қ.);

2 орын «Nomad Da» командасы, ойыншылар Алтынай Заманбекова, Данияр Баймагамбетов (Астана қ.);

3 орын  «Мияулаған мысық» командасы, ойыншылар Мерей Балгабаева мен Айгерім Айбасова (Астана қ.).

Үздік спикерлер: қазақ лигасында Нұргелді Серікбосынов болса, орыс лигасында Айгерім Айбасова.

– Турнир жақсы деңгейде өтті, басқа қалалардан келген қатысушы спикерлардың көп болғаны жақсы, түрлі көзқарастарды естідік. Өзіме жеке соңғы резолюция ұнады, онда бізге ЖИ туралы кейс құру керек болды, неге оны сот жүйесіне енгізуміз керек деген сияқты. Сол кезде көп ой толғауға негіз болды, болашақта сондай нәрсенің болғаны жақсы немесе жақсы емес па деген мәселелер мені қатты қызықтырды. Дебатпен төрт жылдан бері айналысамын. Дебат жалпы өзіме, дамуыма көптеген мүмкіндіктер берді, – дейді Мадияр Қадыл.

Айта кетейік, ойыншылар Британдық-парламенттік форматта өнер көрсетті. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрады. Шараның хедлайнері STAND UP комик – Руслан Тай болды. Шараның соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»