Жеңімпаздар елге оралды

Қарағандылықтар Тараздан 2 алтын мен 2 қола әкелді. Бокстан 2007-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир аяқталды. Онда біздің боксшылар 4 жүлделі орынға ие болды.

Дәулет Бексейітов – Шахтинск қаласының тумасы. Ол боксты осы 3 ай бұрын ғана бастаған. Дайындықтың қысқа мерзіміне қарамастан, жас боксшы үлкен рингке алғаш рет аяқ басып тұрса да, Таразда өткен бокстан халықаралық турнирде алтын медальды жеңіп алды. Спортшының айтуынша, ол үшін ең қиын жекпе-жек жартылай финал болды. Алайда, біздің жауынгер психологиялық тұрғыдан да дайын болған.

– Боксты бастағаныма мінекей осымен үшінші ай болды. Бұған дейін ММА-ға барып, кейін ғана боксқа келдім, маған бұл спорт өте ұнады және жарысқа бірден баруды шештім, нәтижесінде өзім қалаған нәтижені көрсеттім. Менің ең қиын жекпе-жегім жартылай финалда болды. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істеу керек. Сол жекпе-жекте аздап соққылар өткізіп алдым, дұрыс қозғалмадым, мұның бәрін жөндейміз. Соңғы 2 қарсыласымды оңай жеңдім. Бір өзбекстандық және екі жерлесіммен шықтым, – дейді боксшы Дәулет Бексейітов.

Турнир 25-29 қыркүйек аралығында өтті. Барлығы 240-қа жуық боксшы қатысты. Команда жаттықтырушысы Батырхан Көшеннің айтуынша, балалар өздерін өте жақсы қырынан көрсете білді. Ол өзінің баптауымен 6 боксшы апарып, оның 4-і жүлделі орындарға ие болды.

– Осы жақында халықаралық дәрежеде турнир өтті. Турнирге алты бала апарып, екеуі алтын алса, екеуі қоланы қанағат тұтты. Жарысқа 240 адам қатысты. Өзбекстан, Қырғызстанның мықты спортшыларын, біздің балалар жеңіп шықты. Ресейдің Қорған қаласында алдағы уақытта жарыс болады, соған бару жоспарымызда бар, – деп бөлісті жаттықтырушы Батырхан Көшен.

Жетістік көп болғанмен, демалуға уақыт жоқ, дейді жаттықтырушы. Себебі, алда ауқымды жарыстар көп. Сондықтан балалар 1 күн демалып, әрі қарай жаттығуға кіріседі. Боксшылар жүйелі жоспар бойынша жұмыс жасауда.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»