Жан шуағы

Қарағанды қаласының К.Станиславский атындағы орыс драма театрында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жан шуағы» 27-ші облыстық фестиваль өтті.

«Жан шуағы» мерекелік бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандарды шығармашылық қабілеттерін дамыту, жаңа таланттарды ашу, жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізілді. Бастысы – ерекше жандарды қоғамның тең мүшесі етіп қалыптастыру.

– «Жан шуағы» фестивалі мүмкіндігі шектеулі жандардың жүрегінде жылулық пен сүйіспеншілік тудыратын ерекше жарқын оқиғаға айналған. Алғашқы рет фестиваль 1992 жылы облыстық сауықтыру және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының бастамасымен өткен болатын, – дейді Қарағанды облысының мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдестемелік орталығының басшысы Индира Бақытқызы.

Сондай-ақ өнер байқауына қатысушылары саңырау және нашар еститін, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған мәдени-демалыс ұйымдарының, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының, мүмкіндіктері шектеулі жандардың ерікті қоғамдарының қоғамдық бірлестіктерінің көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты. «Шексіз мүмкіндіктер әлемі» атты көрме де ұйымдастырылды, оған суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қатысты. Сонымен қатар «Біз біргеміз және бұл біздің күшіміз!» гала-концерті өтіп, әр ұйым 3-4 үздік әртүрлі жанрдағы концерттік нөмір ұсынды. Өнер бәйгесіне Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Абай, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарынан 200-ден астам қатысушы келген.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»