Арба теннисінен Қазақстан чемпионатының жүлдегері
Қарағандылық Айшуақ Жетпісова мүгедектер арбасындағы теннистен өткен ІІІ Қазақстан чемпионатында бірінші және үшінші орын жеңіп алды.
Ақтөбе қаласында арбамен теннис бойынша ҚР чемпионаты өтті. Турнирге Ақтөбе, Астана, Алматы, Орал, Ақтау, Қызылорда, Қарағанды қалаларының өкілдері қатысты.
Осы чемпионаттың қорытындысы бойынша Айшуақ Жетпісова жұптық сайыста 1-ші, жекелей сында 3-ші орынды жеңіп алды.
– Бұрын үстел теннисімен айналысқанмын, спорт шеберіне кандидат және ҚР Чемпионатының жүлдегерімін. Бір кезде спортты тастап жұмыспен айналысып кеттім. Бірақ мен әрқашан паралимпиадашыларымызды бақылап, олардың жетістігіне тәнті болатынмын. 2022 жылдың маусым айында үстел теннисінен жаттықтырушым Дархан Әлиұлы маған телефон соғып, Қарағандыда арбамен теннис ашылғанын, сонда барып ойнауға болатынын айтты. Сол жылдың шілде айында мен қайта кортқа шықтым. Кортқа келгенде, мен жай ғана отырып, басқалардың қалай ойнайтынын сырттай көремін деп ойладым. Бірақ бапкер Набижон Якубович бірден спорттық арбаға отыруымды өтінді. Ол ракетканы беріп, оны қалай ұстау керектігін және допты қалай дұрыс ұстау керектігін көрсетті. Кейін ол маған: «біздің адам» деді. Шамасы, бұл сөз мені баурап алды және мен өзіме сендім. Көп ойланбастан теннис ойнауға келістім. Ал 2 айдан кейін Қазақстан Республикасының бірінші чемпионатына барып, 1-орынға ие болдым. Содан бері көптеген жетістікке жеттім. Күн сайын жақсырақ болуым керек деген мақсат қоямын. Жарыстарда барымды салып, жақсы ойын көрсетуге тырысамын, – дейді Айшуақ Жетпісова.
Құралай Көбенова, «QH»