Құнды құжат

900 мыңнан астам құнды құжат. Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде «20 ғасыр жастар саясаты» тақырыбында ашық есік күні өтті. Шараға қаламыздың білім мекемелері мен колледждердің оқушылары қатысып, танымдық ақпараттар біліп қайтты.

Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі Комитетінің бастамасымен «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасын іске асыру аясында Ашық есік күні өткізілді. Айта кету керек, бұл ауқымды науқан осы күні республикамыздың барша архивінде өтіп жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – республика бойынша мемлекеттік архивтердің түрлі жастағы балаларды кеңінен қамтитын шаралар кешенін өткізу.

– Бұл біздің жалпы тарихымызға қатысты, дәстүрге баулу. Ішкі жұмыстарымызбен құнды құжаттармен жастарды таныстырсақ деген ой. Архив қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отырған шара. Біздің жоспарымыз бойынша, көрме ұйымдастырылған. Келген жастар бөлініп, әрбір бөлімге барып, жекелей таныса алады, – деді Қарағанды облысының мемлекеттік архиві КММ басшысы Ерлан Нелдібаев.

Шараға Қарағанды қаласының жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, Қарағанды қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, архив қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Естеріңізге сала кетсек, бұл науқан 2022 жылдан бері толассыз жұмыс жасап келеді. Қарағанды облыстық мемлекеттік архивтің тарихы 1937 жылдан бастау алады. Алайда, мұнда сол жылдарға дейінгі де құнды құжаттар сақталған.

– Он тоғызыншы ғасырдың аяғында сақталған құжат бар, архивтің басты мақсаты – ұлттық архив қорының көлемін ұлғайту. Оның көздері жеткілікті, мемлекет кәсіпорындардан жиналған құжаттар, одан кейін жеке текті қордан ұйымдастырылады. Ол дегеніміз, біздің облысымызға еңбегі сіңген құрметті азаматтар, ҰОС ардагерлері, сол кісілердің құжаттарын жинақтап, бүгінгі күнге 100-ден астам жеке тектік қор ұйымдастырылған, – деп атап өтті басшы.

Архив басшысының айтуынша, қазіргі таңда архивтегі барша құжаттарды сандық жүйеге көшіру жүргізіліп жатқан көрінеді.

– Ал цифрландырылғаны аздау, неге десеңіз сол құжаттың 1,5 пайызы ғана. Жұмыс таяуда ғана басталды, қазір материалдық техникалық базамызды нығайтып, әлгі планитарлық, планшеттік сканерлерді алсақ жұмыс әрі қарай ілгерілей жалғасады деп білемін, – деді Ерлан Нелдібаев.

Шара аясында «ХХ ғасыр жастар саясаты» тарихи-деректі көрмесі тамашаланды және Қарағанды облысында архив қызметінің құрылу тарихы бойынша деректі фильм көрсетілді. 

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»