Тәлімгерлер кеңесі
Қарағанды қаласы әкімдігінде «Тәлімгерлер кеңесінің» үшінші отырысы өтті. Кеңесте жаңадан тағайындалған басшылар өздерінің атқарған жұмыстарын ортаға салды. Ал кеңес ардагерлері оларға өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі ұсыныс айтты.
«Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметшісінің оң бейнесін қалыптастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған шаралар жоспарына сәйкес құрылған. Кеңестің құрамына мемлекеттік қызметке елеулі үлес қосқан қызмет ардагерлері кірді. Олар жаңадан тағайындалған басшыларға өздерінің жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, жұмыстың тиімді нысандары мен әдістеріне қатысты ұсынымдар береді.
– Бүгін бізде осы отырыстың 3 кезеңі болып отыр. Бізде екі басшы, яғни облысымыздағы ветеренария басқармасының басшысы және Шахтинск қаласының құрылыс бөлімінің басшысы. Бүгін олардың осы уақытқа дейін атқарған жұмысын тыңдайтын боламыз. Кейін біздің ардагерлердің пікір алмасу, тәжірибе алмасу бойынша жұмыстары болады, – деді ҚР Мемлекеттік істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен.
Алғашқы сөзді Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин бастады. Ол өзінің еңбек еткен уақытын есіне алып, қазіргі мен өткенді салыстырып тәлімгердің кім екенін, оның жұмысының мақсатын айтты.
– Тәлімгерлердің негізгі мақсаты әрине тәжірибемен бөлісу, ақыл айту, әсіресе мемлекеттік жұмысқа келіп жатқан жігіттерге, қыз-келіншектерге дұрыс бағыт беру, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесі мен Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин.
Келесі сөз кезегі Қарағанды облысының втеренария басқармасының басшысы Амандық Жакетаевқа берілді. Өзінің лауазымына жаңадан келген азамат ортаға атқарған жұмыс жоспарын көрсетті.
– Бүгінгі таңда басқарманың басты миссиясы – аймақтағы жануарлардың аса қауіпті ауруларын алдын алып, қамтамасыз ету. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында мемлекет бюждетінен 2.4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда аса қауіпті аурудың 14 түріне қарсы 6 миллион, 200 мың екпе жүргізіліп, диагностикалық екпелер үшін 1 жарым миллион биологиялық сынамалар жеткізілді, – деді ол.
Шахтинск қаласы құрылыс бөлімінің басшысы да осы күнге дейін атқарған жұмысын тәлімгерлер кеңесінің назарына ұсынды. Қазіргі таңда ауқымды жобалардың жасалып жатқанын, сондай-ақ алда да үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Төрағалық кеңес жаңа басшылардың жоспарымен танысып, айтылған бірқатар мәселені бірлесе шешуді дұрыс деп санады. Сондай-ақ басшылардың алда қалай дұрыс әрекет етіп, қай тұсты жақсарту керектігін ескертіп, өз ойларымен бөлісті.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»