Жастар слеті

Қарағандыда өңірлік жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің слеті өтті. Ұйымдастырушы – Облыстық Жастар ресурстық орталығы.

Жиынға қалалар мен аудандардың жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен мамандары, жоғары оқу орындарының жастар жөніндегі комитеттерінің басшылары мен өкілдері, жастар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.

– Өңірлік жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің слетіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті басқармасының басшысы Мәнсия Есекеева арнайы келіп қатысты. Шараның мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды одан әрі жетілдіру және ЖРО қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен құзыретін арттыру бойынша шаралар кешенін өткізу және жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өзіндік шеберлігін көрсете білуіне көмек беру, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Слет барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті басқармасының басшысы Мәнсия Мұқтарқызы жастар саясатының дамуына, ел жастарының азаматтық белсенділігін арттыруға, жан-жақты қабілетін шыңдауға бағытталған шараларды ұйымдастыруға үлес қосып жүрген белсенді жастар – Осакаров аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Хажимұхамед Акимжанов пен Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамаловқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады.

 

Ал облыстық «ЖАСЫЛ ЕЛ» штабының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет Министрліктің алғысхатына ие болды.

Сондай-ақ, жастар орталықтарының белсенді қызметкерлері басқарма басшысының алғысхаттары табысталды.

Екі күндік жастар слеті одан әрі «ЖАСТАР АЛАУЫМЕН» жалғасын тауып, спорттық, ойын-сауық кеші ұйымдастырылып, бірқатар белсенді жас өнерін ортаға салып, жан-жақты қабілетін шыңдауға бағытталған шарамен аяқталды.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»