Дайындығы – салғырт
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалса да, Майқұдықтағы №65 мектепте дайындық салғырт. Мердігердің кесірінен мектеп дәретханасыз қалу қаупі бар. Құрылыс компаниясының нысанды тапсыруына санаулы күн ғана уақыты қалды. Осы уақыт аралығында мердігер жөндеу жұмысын толық аяқтай ала ма?
Оқушыларда, ата-аналарда оқу жылын асыға күтіп, дайындалады. Бірақ №65 мектепте оқитындар үшін оқу жылы әлі басталмайтындай көрінеді. Баласы осы мектепте оқитын Наталья Малашевич мердігердің жасаған жұмысына наразы. Ол 2 жарым айда бітірмеген жөндеу жұмысын 5 күнде бітіреніне сене алмайды.
– 2 жарым айда бітпеген жұмысты 5 күнде бітіреді дегенге мен сене алмаймын. Мердігер әуел бастан бізбен сөйлесуден бас тартты. Бригада болып жұмыс жасап жатқаны небәрі 2 адамнан тұрады. Басқасын жөндемесе жарайды, бірақ дәретханасыз қалай болады? Үлкен сынып оқушылары шыдауы мүмкін. Бірақ 1 сыныпқа келген кішкентай балалар ше? – дейді, қорғаншылық кеңесінін төрайымы Наталья Малашевич.
Мектеп директоры мердігерлер 25-ші тамызға дейін жұмысты толық аяқтайды деп сендіріп отыр. Бірақ бітірмеген жағдайда, мектептегі оқуды қалай жүзеге асыратындары жайлы мүлде ойланбаған.
– Бізде қалған жұмыстар раковина, сантехника, батарея, перегородка қою. Осындай ұзақ жұмыстар қалды. Подрядчикпен сөйлескен кезде 25-не дейін бітіреміз деген жауап айтылып жатыр. 75 пайызға жұмыс бітіріліп тұр. 30-35 пайыз жұмыс қалды, – дейді №65 мектеп директоры Арман Қызкенов.
Мектеп директоры жұмыс 75 пайызға біткен десе, инженерлік бөлім маманы 80 пайыз деп хабар берді. Жөндеу жұмыстарын алғашқыда 7 адам жүргізген. Қазір атқарылған жұмыстың бітпегеніне байланысты мердігер тағы да 3 жұмысшы алды. Мердігер барлық жұмыс толығымен 25 тамыз бітеді деп нақты айтып отыр. Бітпеген жағдайда іс сотқа жеткізілетін болады. Бірақ заңды түрде мердігерде жұмысты түзетуге жоспарланған мерзімнен бөлек тағы да 1 ай уақыты бар, дейді инженерлік бөлімнің маманы Тілек Бейсетаев.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»