Уланған сарбаздардың жағдайы тұрақты
Теміртауда Ұлттық ұланның сарбаздары жаппай уланып, ауруханаға түсті. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі хабарлады.
18 тамыз күні Теміртау қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына 36 әскери қызметші жатқызылған. «31 әскери қызметші алдын ала қойылған ішек инфекциясы диагнозымен және 5 әскери қызметші жіті респираторлық вирустық инфекциялар диагнозымен жатқызылған. Қажетті эпидемияға қарсы шаралар өткізілді», деп мәлімдеді Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Сарбаздардың денсаулығы бірқалыпты. Қазіргі таңда ішек таяқшасы ауруымен ауруханаға түскен 31 адамның он тоғызы жазылып шыққан. Қалған 12 әскери қызметкер Теміртау қаласындағы ауруханада ем алуда.
– Бастапқы ауырған күні, өзімді өте жайсыз сезінген болатынмын. Алайда ауруханаға түскен 5 күннің ішінде, дәрігерлердің қарауымен толық емделіп шықтым. Қазіргі уақытта жағдайым жақсы, әскери бөлімнің дәрігерлерінің қарауында жүрміз, – деді қатардағы жауынгер Асқар Кәрібай.
– Ең алғашында әскери бөлімде ауырып қалғанда дене қызуым көтеріліп ауруханаға жатқызылған болатынмын. Ауруханаға түскен сәттен бастап дәрігерлердің қарауымен ем алып, дәрілер қабылдап ем алу шарасынан өттім. Ауруды жұқтырған күннен бастап 4 күн ішінде толық жазылып, әскери бөлімге қайтарылған болатынмын. Қазіргі уақытта, әскери бөлімнің дәрігерлерінің қарауында ем алу шарасын жалғастырып жатырмын, – дейді Иван Шестаев.
Жауынгерлердің жаппай неден уланғанын СЭС мамандары анықтайды. Олар әскери бөлімде дезинфекция жасаған. Бұл оқиғадан кейін қызметтік тексеріс те басталды. Осы уақыт аралығында сарбаздар дала жағдайында тамақтануға мәжбүр болған.
– Қазір әскери бөлімнің мерзімдік қызметкерлерін дала асханасында тамақтандырып жатырмыз. Бұрынғы берілген тамақ. Өзіміз басқа жерде істейміз. Ол жерде дәрігерлер бақылайды, әскери қызметкерлер бар, соны қарайды және тамақ дайындайды. Қазір асхана жұмыс істемейді. Оны тексеріп жатыр, – деді «Орталық» ӨҚ №5516 әскери бөлімінің командирі Данияр Өскенбаев.
Бүгінде ауру бойынша жаңа шағымдар тіркелмеген. Осы іс бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.
Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»