«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» — ІЗГІ ЖОЛ

Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Тамыз айы – қарбалас уақыт. Ала жаздай алаңсыз, қамсыз дем алған балалардың мектепке жинала бастайтын шағы. Ата-аналар қамданып, оқушының керек-жарағын түгендеуге кіріседі.

Жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын балдырғандар үшін алғашқы қоңырау соғылатын күн де жақындап келеді. Облыста 1 тамызда дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Шарапатты шара қыркүйек айының 30 дейін  жалғасады. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 13 мыңға жуық бала жалпыға бірдей білім беру қорынан қаржылай көмек алады. Осы жылы мемлекет тарапынан берілетін ақшалай төлемнің мөлшері 43 407 теңгені құрайды. Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен баспасөз мәслихатында облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова материалдық көмектің кімге берілетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– «Мектепке жол» акциясы жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалуға жәрдемдесу және тұрмыс жағдайының кесірінен мектептен қалудың алдын алу үшін өткізіледі. Оған демеуші ретінде барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Акция аясында мектептерде «Балаларға жақсылық бер!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі, баланы мектепке жинаймыз!» деген үндеумен қайырымдылық шаралары өткізіледі, – деп атап өтті Бақтыгүл Әдекенова.

Және де арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда ата-аналар мектепке қажетті тауарларды төмендетілген бағамен сатып ала алады.

-Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әртүрлі санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл бұл мемлекеттік қызметке айналды, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы АӘК алатын балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, мектептердің қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар көмек алады. Нақты айтсақ, бір балаға 43 407 теңге көлеміндегі қаражат мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін ата-аналардың карталық шотына аударылатынын атап өту керек, – деді Бақтыгүл Әдекенова.

Жалпыға бірдей білім беру қорынан материалдық көмек алу үшін мектептің кеңсесіне өтініш беріп, отбасының немесе баланың әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет. Биыл облыс аумағында 172 мыңға жуық оқушы мектепке барады. Бірінші сыныпқа 15 485 бала өтініш берген.

ЖАНБОТА БЕЙСЕМБАЙ, «QH»