«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ
Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 10 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыда салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты.
Аймақ басшысы білім беру мекемелерінің жұмысы өз бақылауында болатынын қадап айтты. Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс күшінің жетіспушілігіне жол бермеу қажеттігін қатаң тапсырды.
Қаламызда салынып жатьқан алғашқы жайлы мектептің бірі – Көгілдір тоғандар шағын ауданында. Сыйымдылығы – 1200 орынды құрайды. Ал Кендала шағын ауданындағы 2 000 орындықты мектептің құрылыс қадамы да қарышты. Гүлдерде салынып жатқан 300 орындықты мектеп те осы жайлы мектептердің санатында. Аталған оқу орыны ашылғаннан кейін сол мекен жайда орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің жүктемесі азаятын болады.
Бүгінде барлық мектеп бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Материалдарға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Құрылысқа отандық тауар өндірушілердің өнімдері қолданылу үстінде.
Сонымен қатар, мектепке қажетті жиһаз, заманауи оқу жабдықтарын да сатып алу процесі жүргізілуде. Әр мектепте STEM-зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт және тренажер залдары, коворкинг орталықтары болады. Бұған қоса мүгедектігі бар балалар үшін де кедергісіз орта құру мақсатында тиісті жағдай жасалынады.
Ауылда салынып жатқан жайлы мектептердің де қаладағысынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Бәрі бірыңғай стандарт бойынша салынуда. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке кіреберісі бар мектеп ғимаратының әртүрлі блогында оқиды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»