ГАЗЕТТІҢ «ЖАНАЗАСЫН» ШЫҒАРҒАН КІМ?
Күніне 2,5 миллиард адам газет оқиды екен. Тек 600 миллионға жуық оқырман ғана ақпаратты интернеттен оқығанды жөн көреді. Сонда: «Газет нарықтан шықты» деген пікір қайдан келген? Оны «жерлеген» қайсы? Интернет БАҚ біраз басылымды ығыстырғаны рас. Алайда, дәстүрлі БАҚ-ты «өлдіге» балау не сандырақ?
Интернет БАҚ – баспадан шықпаған газет. Бар биолғаны – сол. Түбірі, тамыры – газет. Тек ақпаратты жеткізу тәсілі ғана өзгерді. Құралы – бөлек. Бірақ, мұның барлығының атасы сөз ғой. Ал газет – ақсүйек. Онда тектілік бар. Жинақылық бар. Таным бар. Интернет БАҚ-тың ақпаратты жылдам жеткізудің тапсырмас құралы екеніне келісемін. Технологияның ең озық жемісі. Өте ыңғайлы. Алайда, газет беретін дүниені интернет бере алмайды. «Қайсы ілгері, қайсы кейін» деген әңгіме емес. Тек салыстырмалы түрде бірнеше мысал келтірейік.
САУАТТЫЛЫҚ
Рейтинг пен қаралым әрқашан да басты талап болған. Алайда, сауаттылықты ұмытып кеттік. Белгілі журналист Қайнар Олжай айтады: «Халықтың лексиконына еріп, БАҚ-ты базардың сөзімен былғап жүрміз, халықты базардың сөзімен семіртіп жатырмыз» – деп. Ақпаратты жылдам беру заман талабы болған соң интернет БАҚ сауатсыздыққа ұрынып келеді. Газеттің артықшылық сол жеті рет өлшеп бір рет пішуінде.
АҚПАРАТ
Жоғарыда айтқандай, ақпаратты жылдам жеткізу жағынан интернетке тең келер құрал жоқ. Әрине, бүгінгі ақпаратты бір аптадан соң газетке беріп отырсаңыз – ақымақтық. Ақпарат екі-үш сағаттың ішінде маңыздылығын жоғалтады. Бір жұманы айтпай-ақ қояйық. Осыны ескерген дәстүрлі БАҚ, байқасаңыз, сыни, танымдық, сараптамалық материалдарды жариялауға көшті. «Qaragandy habary» да сол бағытты ұстанады. Мұндай дүниені сайт-порталдан аз көреміз. Шықса, газетте жарияланған соң бірақ жарыққа шығады.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Бұл жағынан да дәстүрлі БАҚ – басым. Деректің шынайылығына көз жеткізуге мүмкіндік көп. Интернет БАҚ бір немесе екі қайнар көзге ғана сүйеніп ақпарат беретініне талай көз жеткіздік. Осы жағынан ел дәстүрлі БАҚ-қа көбірек сенім артады.
ТАЛҚЫ
Сайт-порталдардың дені ақпараттық материалдар жариялайтыны белгілі. Ең көп қаралған, былайша айтқанда, резонанс тудырған материалдың өзі әрі кетсе бір жұма талқыланады. Содан кейін ұмыт болады. Санадан өшеді. Осыдан бір апта бұрын, еліміз демей-ақ қояйын, қалаңызға қандай оқиға болғанын білесіз бе? Жауап беруге қиналасыз. Ал «өлмейтін материалды» кез келген уақытта жарияласаң да болады. Егер мықты болса есте қалады. Жылдар бойы талқыланады.
ТАҚЫРЫП
Әлемде ең көп қаралатын үш тақырып бар екен: секс, дау-дамай, өлім. Сайт-порталдар осы ұстаныммен күн көріп келеді. Рейтинг жинайтын осы тақырыптың айналасындағы ақпараттар ғой. Ал талқы туралы жоғарыда айттық. Сосын қылмыс, зорлық-зомбылық, жемқорлық туралы ақпарат жарыққа шыққан соң одан ол мәселе шешілмейді. Керісінше, көбейеді.
ҚҰН
Құнды дүниеге құн төленуі керек. Бізде осы үрдіс, мәдениет қалыптаспай келеді. Интернет БАҚ-тың оқырманға қолайлы болатын бір себебі: тегін. Ал газеттің шаруасын білесіз.
ІЗДЕНІС
Интернет БАҚ журналистің дамуына, ізденуіне көп кедергі. Ал құнды материал жазуға көп ізденіс керек. 2015 жылы жарық көріп «Оскар» сыйлығына ие болған «В центре внимания» деген фильм журналис ізденісінің бір көрінісін һәм жемісін көрсетеді. Болған оқиға желісімен түсірілген. «В центре внимания» деген «The Boston Globe» бір ғана айдары. Бір ғана айдармен ондаған адам жұмыс жасайды. Бір материалмен айлар немесе жылдар бойы жұмыс істеуі мүмкін алайда нәтиже шығарады. Соңында журналист Майкл Резендес церковь қызметкерлерінің жылдар балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп келгенін дәлелдеп, әшкерелейді. Ал бізде журналистік зерттеу – некен-саяқ.
Интернет БАҚ тек ақпаратты шұғыл жеткізу бойынша ғана дәстүрлі БАҚ-тан – озық. Сонда бізді газетті қайтіп архивке жібермекшіміз немесе «қажет емес» деу қай логикаға саяды?
Газет оқырманы азайды, рас. Қайта қалыпқа келтіру үшін тек бағыт пен маркетингті жақсы меңгеруіміз керек. Қалғаны бізде бар.
P.S. Тағы да бір дүние, газеттің ақпараттық, танымдық пайдасынан бөлек басқа да шаруаға жарата аласың ғой жоқ дегенде.
Асыл МҰРАТ