Тілге құрмет

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! Қарағандының орталық саябағында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында «Сізбен» атты подкаст ұйымдастырылды. Шара жүргізушісі тұрғындармен қазақша сөйлесіп, тіл меңгерудегі артықшылықтар туралы айтты.

Сіз қазақ тілін білесіз бе? Осындай ұранмен басталған «Сізбен» подкаст шарасы қала әкімдігімен, тілдер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған. Басымдылық әрине қазақ тілінің деңгейіне берілді. Елімізде соңғы жүргізілген санақ бойынша 20 миллионға жуық халық тұрады екен. Оның 30 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Деседе, бұл мемлекеттік тіл деңгейін түсірмейді, керісінше көтерді. Себебі, осы жылдан бастап жаппай қазақ тіліндегі емтихандар саны көбейді. Сонымен қатар қазақ тілін үйренемін деушілер саны да күрт өскен.

– Әрине, тілді үйрену тек белгілі бір жерде ғана емес, сонымен қатар күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста, жұмыста, достармен араласқан кезде қажет. Оның үстінде тұрған жерімізде қазақ тілді азаматтар көп, көк туды желбіретіп, қазақ тілінде сөйлеуіміз керек, – дейді қала тұрғыны Юлия Бекряшова.

Шараға қатысушылардың сөзінше мемлекеттік тілді әркім әрқалай үйренетін көрінеді. Мәселен, біреулер арнайы курстарға барса, енді біреулері күнделікті өмірде сөйлесу арқылы практика жасайды. Қалай дегенмен де үздіксіз қызмет қылудың арқасында кез-келген жетістікке жетуге болатынын ұмытпаған абзал.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»