ЖЕРЛЕСіМІЗ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ЖОЛДАМА ИЕЛЕНДІ
Қарағандылық спортшы Ксения Игнатова жүзу спортынан Париж олимпиадасына жолдама иеленді. Аталған спорт түрінен ел бойынша екі спортшы жолдама иеленген. Естеріңізге сала кетейік, төртжылдықтың басты бәсекесі 26 шілдеден басталады.
Олимпиадаға аталған спорт түрінен бақ сынайтындардың бірі елордалық Әділбек Мусин. Ол баттерфляй және фристайл әдісі бойынша 100 метр қашықтықта сынға түседі. Ал жерлесіміз Ксения Игнатова да 100 метр қашықтықта жарысады.
Айта кетейік, Ксения Игнатова Саран қаласының тумасы. Ә.Молдағұлова атындағы колледж мектеп-интернатының тәрбиеленушісі. 2021 жылы Ақтөбеде өткен ҚР V Жастар ойындарында жеңіске жеткен. 2024 жылы 45 елдің спортшылары қатысқан Нью-Кларк-Ситиде (Филиппин) өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында бес медаль жеңіп алған. Оның төртеуі – алтын. Одан бөлек, екі континенттік рекорд орнатты. Жаттықтырушысы – Станислав Осинский.
Бұған дейін Парижде өнер көрсетуге лицензияны батут гимнастикасында қарағандылық Данил Мұсабаев жеңіп алған болатын.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»