Өндірістегі жарақат

Қарағанды облысы былтырғы өндірістік жарақат пен кәсіптік сырқат жағынан жағымсыз статистика көш басында тұр. Мұнда өндірісте 500-ге жуық адам денсаулығын жоғалтты. Мұның себептері неде және жалпы елдегі жағдай қандай?

Ең алдымен Костенко шахтасындағы жарылыс статистиканы бұзды, онда бірден 46 шахтер қаза тапқан болатын. Казимир мен Надежда Гудз сол трагедияда кенже ұлдарынан айырылды. Олардың өздері де кен өндірісі саласында жұмыс істейді. Әкесі – сол шахтада кенші, анасы – байыту фабрикасында жұмысшы.

– Біздің денсаулығымыз, әрине, ұлымыздың өлімінен соң қатты нашарлады. 7 ай өтті, олар «уақыт емдейді» дейді. Бірақ уақыт емдемейді, менің ойымша, 50% – бақылаудың кінәсі. Мүмкін, олар босаңсыған шығар. Өйткені метан газының мұншалық шығуы мүлдем мүмкін емес, ақылға қонымсыз. Бұл қалай болуы мүмкін? – дейді қайтыс болған кеншінің анасы Надежда Гудз.

Костенко шахтасында әрқашан озық және үздік кадрлар болды. Мұнда ең жақсы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік техникасына айрықша көңіл бөлінді. Бірақ қайтыс болардан екі апта бұрын ұлы шахтада метан газының деңгейі үнемі жоғарылағанын айтыпты. 20 жыл бұрын мұндай жағдайда жұмыс істеуге ешкім рұқсат бермейтін болғанын айтады марқұмның әкесі. Шахтада көптеген басқа қауіп болғанымен, кенші мамандығы ең қауіптісі саналады.

– Кеншілер әдетте ылғи асығып жүреді. Жер қойнауында ештеңе де күтпейді. Барлығын тез-тез жасау керек. Бірақ қызметте, өкінішке қарай, жалқаулар да болады. Олар жалқаулықтан техникалық ақауды елемей, ештеңе жөндемей кетеді. Сол себепті осындай жағдайлар болады. Осындай асығыстық салдарынан жарақаттану саны артады, – деп тоқталып өтті кенші, қайтыс болған кеншінің әкесі Казимир Гудз.

Алайда мемлекеттік еңбек инспекторлары бұл оймен келіспейді. Жұмысшылардың кінәсінан жарақаттың шамамен 10%-ы орын алады. Көбінесе басшылық немесе кәсіп иелері кінәлі болып жатады екен. Апат көбінесе қызметкер жұмысқа барарда немесе кері қайтқанда болады. Мұндай жағдайларда тіпті үшінші тараптар кінәлі болса да, өндірістік жағдайларға жатады.

Жалпы, Қарағанды облысы – өндірістік өлке, сондықтан жарақаттану мен кәсіптік аурушаңдық деңгейі жоғары. Алайда биылғы 1-тоқсанда жағдай жақсы екенін мәлімдеді Еңбек инспекциясы. Қарағанды облысы қазір басқа өңірлермен салыстырғанда тізімнің ортасында тұр. Республика көлемінде 2023 жылы өндірісте 2 670 адам зардап шеккен.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»