Ел болашағы – білімді жастар

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев дарынды оқушылармен кездесу өткізді. Бейресми кездесу қаламыздың жақында ғана ашылған Оқушылар сарайында өтті. Өңір басшысы жастардың сұрақтарына жауап беріп, шынайы тілегін білдірді.

Басқосуға халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың медаль иегерлері (58 бала), сондай-ақ олардың ұстаздары жиналды.

– Сіздерді қол жеткізген табыстарыңызбен құттықтаймын және барлық жақсылықты тілеймін. Біздің болашағымыз сіздердің қолдарыңызда! Жаңа буын дамып келеді және біз ол үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. «Жайлы мектептер» саламыз. Оқушылар сарайларын ашамыз. Сіздерді алда жарқын болашақ күтіп тұрғанына, табысқа жететіндеріңізге сенімдімін! – деді Ермағамбет Бөлекбаев.

Балалар аймақ басшысының мектепте қалай оқығанын, бос уақытын қалай өткізетінін, хоббиі бар-жоғын сұрап қызығушылық танытты. Ермағамбет Бөлекбаев уақытының басым бөлігі жұмысқа кететінін мойындады. Бірақ соған қарамастан отбасына көңіл бөлуге тырысатынын, кітап оқитынын жеткізді.

Жастар болашақ жоспарларын бөлісті. Мәселен, Қарқаралы ауданына қарасты Бесоба ауылының 11-сынып оқушысы Айдана Төлеген география пәнінен үздік нәтижеге қол жеткізді: республикалық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Оның айтуынша, бұл пәнге деген сүйіспеншілік география пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін әкесінен дарыған. Айдана «Менеджмент және басқару» мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отыр.

– Мен Астана қаласында биыл алғаш рет ұйымдастырылған, ауыл мектептеріне арналған пәндік олимпиадада география пәнінен 1-орын алдым. 9 және 10-сыныптарда аудандық және қалалық олимпиадаларға қатысқам, бірақ республикалық олимпиадаға алғаш рет өттім. Географияны кішкентайымнан жақсы көремін және менің әкем – география пәнінің мұғалімі. Ол кісі мені осы пәнге кішкентайымнан дайындап келеді. Олимпиадаға 10-сыныптан бастап дайындалдым, ал нақты олимпиадаға 11-сыныпқа көшкен жаздан бастап дайындалдым. Мен Алматы қаласындағы әл-Фараби университетінің «Менеджмент және басқару» мамандығына түсуді қалаймын, – деп бөлісті ол.

№30 ЖББОМ түлегі, қарағандылық Ульяна Радионова орыс тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Болашақта өмірін филологиямен байланыстырмақшы.

– Биылғы жылдың бір ерекшелігі – ауыл балаларына арналған олимпиада ұйымдастырылды. Бұл да – біз үшін жетістік, себебі ауыл балаларына мүмкіндік жасалды. Былтырғы жылмен салыстырсақ, биыл біздің жетістігіміз де қуантады, себебі сәл де болса жеңімпаздарымыз көбейді. Былтыр республикалық олимпиададан 35 бала жеңсе, биыл 36 болды. Сондай-ақ халықаралық олимпидалар мен ғылыми жобаларда былтыр 16 бала болса, биыл 21 бала жеңімпаз атанып отыр. Жыл сайын біз жеңімпаз балаларға мотивация ретінде қаржылай сыйақы тағайындаймыз, биыл оның да көлемі артты. Сонымен қатар республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараларда республикалық «Дарын» орталығы ерекшеленген кей балаға ұйымдастырушы ретінде ЖОО грантын береді, – деп атап өтті «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нүркен Ашықбаев.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификат табысталды. Бірінші орын үшін – 200 мың теңге, екінші орын үшін – 150 мың теңге, үшінші орын үшін – 100 мың теңге. Педагогтер алғысхатпен марапатталды.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»