АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЙТОЛҚЫН

Медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі – сол: жауапты да қиын мамандық иесі саналатын дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан дәрігер ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүру қажет деп санайды ақ халатты абзал жан Айтолқын Сүндетуллақызы.

Айтолқын Сүндетуллақызы әулие Балабақсы атанған Кернебай Сүтемгенұлы жатқан, атырабы анық бай, топырағы мамықтай Алғабас ауылында дүниеге келген. Айтолқын дәрігер болуды балғын шағынан бастап армандаған.

Мен кішкентай кезімнен бастап ойыншықпен емес, дәрігер қолданатын құралдармен ойнайтынмын. Өйткені қара шаңырақта бізбен бірге тұратын аяулы Сара әпкем ауылда медбике қызметін атқарды. Ардақ тұтар әпкем ауылдағы барлық адамға екпе жасап жанына шипа, дертіне дауа беретін қолы емсек кісі болды. Сара әпкетайым ауылдағы адамдарды еккенде, мен қасынан бір елі қалмай бірге жүретінмін. Менің дәрігер боламын деген бала арманымның баспалдағы осылай басталды. Сара әпкем мен асқар тау әкем Сүндетулла және марқұм анам Күләш дәрігер болуым үшін асқар асуларға жетеледі. Жоғары білім алу үшін барлық жағдайымды жасады. Өзім де әпкем мен ата-анамның үкілі үмітін ақтау мақсатында мейлінше саналы болуға тырыстым деп топшылаймын. Олар үйдің үлкені деп басымнан құс ұшырмай мәпеледі, дейді Айтолқын Елубаева.

Ұлы мұраты межелі мақсатымен ұштасқан Айтолқын Қарағанды медицина университетінің түлегі. Медицина мамандарының ұстаханасына айналған ордалы оқу ордасында белсенді студент жеті жыл бойы тынбай ізденіп оқып жоғары білім алады.

Медицина университетінде оқыған жылдары Айтолқын Елубаева студенттер арасында көш бастап, оқ бойы озық шығуды ойлайды. Ол ең алғаш еңбек жолын Хафиз Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада бастаған. Жоғары санатты дәрігер мамандығына кәсіп деп қарамайды. Ол жан қалауы мен жүрек таңдауы деп санайды. Білікті де білімді дәрігердің Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханадағы сәулелі диагностика бөлімшесінде ультрадыбысты зерттеу дәрігері болып еселі еңбек етіп жүргеніне 17 жылдың жүзі болған.

Аталған медициналық мекемеде адал қызмет атқара жүріп Айтолқын Сүндетуллақызы теңдессіз тәжірибе жинақтады. Қарбалас жұмыс барысы мен зымыраған уақыт ағынында қара орман халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету жолында алтын қолды дәрігер еш аянып қалмады. Қайта адалдықты ардың ісі санап, алғыс арқалауды басты позициясына балады.

Жоғары санатты дәрігер Айтолқын Елубаеваның біліміне көпшіліктің күмәні жоқ. Беделді дәрігер алдына келген адамдарды алтын қолымен ғана емес, жылы сөзбен де емдейді. Ол – әрбір науқастың жүрегі мен көңіл төрінен орын таба білетін аңқылдаған жан.

Айтолқын Сүндетуллақызы ультрадыбысты зерттеу дәрігері ретінде науқастардың дертіне диагнозды дәл қойып, адам ағзасына тексеріс жүргізеді. Шырылдап шипа іздеп келген пациенттердің диагнозын анықтайды. Жұмысын әр кез бірінші орынға қоятын, басшылардың сеніміне селкеу салмайтын ол қарапайым қалыптан бір таймаған. Еңбекқор дәрігер «тапсырма талқыланбайды, тек орындалады» деген ұстанымды берік ұстанады.

Ерінбей еңбек етіп өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер Айтолқын ханым үшін елдің «ақ халатты абзал жан» деген құрметті атағы қасиетті ұғым болып саналатыны даусыз.

Айтолқын – жұмыста ғана дәрігер. Отбасында ол – аяулы ана, бақытты әйел. Ал Бейсембаевтар әулетіне босағадан аттаған сәттен бастап сыйлы келін болып үлгерген. Өнегелі әулетке таза, адал еңбегімен сіңген жан екені – айна қатесіз ақиқат. Айтолқынның жолдасы Еркебұлан Бейсембаевтың да мамандығы – дәрігер. Ерлі-зайыптылардың мөлдір махаббаты Қарағанды медицина университетінде оқып жүрген кезінде-ақ іңкәр сезіммен өрілген.

Бүгінде Айтолқынның өмірлік серігі Еркебұлан Әбдіманапұлы Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Бақыттың кілті адал еңбек пен сөзсіз сыйластықта деп білген Еркебұлан мен Айтолқын үш бала өсіріп отыр.

Көңілі көлдей, аузын ашса жүрегі көрінетін Айтолқын Сүндетуллақызының ақжарқын азаматша екенін айтады ақ желең иелері. Үлкен жүректі дәрігер әрбір науқасқа жан-тәнімен қарап, дер кезінде пайдалы кеңес бере біледі. Оның ішкі мәдениеті жоғары. Медицина майталманы қашан да әріптестеріне кішіпейілділікпен қарай біледі. Бастысы, Айтолқын Сүндетуллақызы кез келген науқастың еміне шипа таба біліп қана қоймай, ұлт саулығын жақсартуға өмірі мен өзіндік өлшемдерін арнаған ақ халатты абзал жан.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»