Өзге өңірлерге үлгі
Қарағанды облысы басқа өңірлермен су тасқынымен күресу тәжірибесін бөлісті. Біздің өңірде суайдындарды «Қарағанды суқоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бақылайды. Бұл – су тасқынына қарсы күресте де нәтиже береді. Үкімет басшысы басқа өңірлерде осындай кәсіпорындар құруды тапсырды.
Осыған орай қарағандылықтар тәжірибелерін бөлісуде. Мекемеде республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған басқа облыстардан келген мамандар қатысты.
– Бізден көптеген облыс көмек сұрап, осындай кәсіпорынның ашылу жолдарын айтып беруімізді сұрады. Бұл кездесудің маңызы зор. Су ресурстары – ең үлкен байлықтың бірі. Біз суқоймаларды қорғау мәселелерін талқылап, кәсіпорнымыздың жұмысы жайлы әңгімелеу үшін жиналдық, – дейді «Қарағанды суқоймалары» КМК директоры Мира Махатчина. – Кәсіпорын 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Оның балансында 60-тан астам суқойма бар. Ерекшелігіміз – біз жобалық құжат дайындау, зерттеу жұмыстарын жүргізу бөлімдерін де аштық. Оған тиісті лицензиялар алдық. Бүгінде біз ағымдағы жұмыстарды ғана емес, тиісті күрделі жөндеу жұмыстары мен зерттеу және құжат дайындау жұмыстарын да жүргіземіз.
Кәсіпорын мамандары ардагер гидротехниктермен кеңеседі.
Дөңгелек үстелде қонақтар сұрақтарына жауап алды. Содан кейін оларға техника мен жабдық көрсетілді.
– Өзімізге көптеген пайдалы нәрсе алдық. Мұнда техникалық жағынан да, мамандар штатында да қажеттінің бәрі бар екенін көріп отырмыз. Жұмыс жақсы реттеліп жолға қойылған. Біз осындай кәсіпорын ашу мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Қарағандылық әріптестермен байланыста боламыз, – деді Қостанай облысының өкілі Бағлан Сабыров.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»