Әуежайдың болашағы зор
Қарағанды әуе айлағы арнайы орталыққа айналмақ. Бұл үшін жаңа инвесторлар Қарағанды «Сарыарқа» әуежайының ұшу-қону жолағы мен терминалын жаңартуға шамамен 270 миллион доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға және жыл сайынғы салық түсімдерін 135 миллион долларға арттыруға мүмкіндік береді.
30 мамыр күні Тимур Турловтың Қарағанды әуежайына иелік ететін компанияның 60 пайыз акциясын сатып алғаны белгілі болды. Жаңа инвестор келген Қарағанды «Сарыарқа» әуежайының, жыл басынан бері айтылып келе жатқандай, даму болашағы зор. Қазір әуежай тұрақты түрде Эквадор, Бельгия және Нидерландыдан жүк рейсін қабылдайды. Күн сайын мұнда гүлдері бар ұшақтар келеді, кейін олар ТМД елдеріне жөнелтіледі. Қарағандыдан Гонконгқа ұшақтар мал өнімдері мен жүк жеткізеді. Ал жоспарларға мультимодальды әуе орталығын құру кіреді. Ұшу алаңы мен терминалды жөндеуге жоспарланған қосымша жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тағы да басқа жұмыстар қажет болады. Инвестор бұл бизнеске шамамен 270 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жол картасын бекітті. Жоба 2030 жылы толық аяқталмақ. Мамандардың айтуынша, жобаны жүзеге асыру 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға және жылдық салық түсімдерін 135 миллион долларға арттыруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда Қарағанды қаласының «Сарыарқа» әуежайында мультимодальды аэрохаб құру шаралары басталды. Өздеріңіз білетіндей, әуежай инвесторларының қатарына ірі инвестор енген болатын. Сол инвестордың жоспарларына орай әуежайды дамыту үшін инвестиция құю жоспарлануда. Бұл дегеніміз – Орталық Қазақстанда жүк қабылдайтын әрі жөнелтетін ірі әуежай құрылады деген сөз, – дейді Қарағанды облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Жолаушылар көлігі және тасымалдау бөлімінің басшысы Қазыбек Мақышов.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»