106 мектеп сапалы интернетке қосылады

Қарағанды облысында 106 мектеп сапалы интернетпен қамтамасыз етілмек. Бұл жолы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылы Starlink желісіне қосылды.

Қазір Қарағанды облысындағы 106 мектептің 42-сі Starlink спутнигіне қосылған. Ал қалған 64-і сапалы интернетке шілде айының соңына дейін қол жеткізеді. Көкпекті ауылының оқу ордасы интернет нашар ұстайтын мектептердің тізіміне енген. Starlink орнатылғаннан кейін, ғаламтор жылдамдығы 10 есе өскенін айтады Көкпекті жалпы білім беретін мектебінің директоры Гаухартас Жаймина:

– Bilimal-мен жұмыс жасауға тамаша мүмкіндік жасалды. Бұрын интернеттің жылдамдығы мектеп бойынша 8 болса, барлық компьютер қосылғанда, 2-3-ке дейін түсіп қалатын. Жұмыс жасау өте қиын болатын. Оқушыларға енді интерактивті тақталар арқылы бүгінгі заманға сай сабақ түрлерін көрсетіп, Bilimland-пен жұмыс жасаймыз. Бейнебақылау, бейнесабақ – бәрін көрсетеміз. Бізде сондай да қиындықтар болған, қазір енді ол қиындықтарды еңсердік.

Көкпекті мектебінде 525 оқушы білім алады. Оқу ордасында 100 компьютер бар. Енді балалар мектеп айналасындағы 4 гектар аумақта ғаламтор желісіне еркін қосылады. Starlink-SpaceX арнайы интернет бағаналарын орнатуды қажет етпейді. Жұмысын алыс аймақтарда да жақсы атқарады. Бұл – спутниктік жүйенің басты артықшылығы.

– Теңдессіз технология сапалы интернет желісімен қамтуды мақсат етеді. Осы арқылы түрлі заманауи сервиске қосылуды, демде ақпарат алмасуды оңтайлы реттейді. Бұл технология, елді мекендерге талшықты-оптикалық желі тартылғанша, жұмыс істейді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 164 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарлануда. Бірақ мұндай жүйенің дәстүрлі сапалы интернет инфрақұрылымы орнатылғанша ғана уақытша қызмет ететінін еске саламыз. Дегенмен мұның спутниктік байланыс ошағы екенін ұмытпаған лазым. Қаржыландыру тетігіне келсек, облыс бюджетінен іске асады, – дейді Қарағанды облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жұмаханов.

Starlink желісі шалғайдағы білім ордаларын базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етпек. «SpaceX» компаниясының спутниктік интернеті биыл Қазақстанның 2000 ауылдық мектебіне орнатылады. Ол қазір әлемнің 72 елінде қолданылады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»