Көше атауларын қазақшалау
Ел Президентінің пәрменімен еліміздегі жер, көше, қала атауларын қазақшалауға баса назар бөлініп отыр. 2000 жылдан бері талай елді мекен атауы ана тілімізге ауыстырылды. Қазірдің өзінде Қарағанды облысында ауылдар мен көшелерге қазақтың ақын, жазушы, ғалымдарының есімдері беріліп келеді.
Көшелер, қала, жер-су атауларын қазақшалау барысында фольклорымызға, ежелгі әңгімелерге, қазына қарияларымыздың айтуына сүйенді. Ғасыр басынан бері ғалымдар осы мәселені зерттеп, зерделеп, әрбір ауданның топонимикалық картасы әзірленген болатын. 2014 жылдан бері облыс аумағында 28 елді мекен, 850 құрамдас бөліктің, 76 мекеннің атауы ауыстырылған. Айта кететін жағдай – оның арасында Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі де бар.
– Киелі жерде маңызды мәселені талқылап отырмыз. Біздің өңірімізде де бірқатар жұмыс жүргізілді. Идеологиялық тұрғыда көнерген атауларды ауыстырған дұрыс. Ленин көшесіне Абай есімі, Кривогуз көшесіне дауылпаз ақын Қасым Аманжолов есімі берілді. Келер жылы Ұлы жеңістің 80 жылдығы келе жатыр. Облысымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 34 тұлға батыр атағын алған. Оның төртеуі тарихи тұлға тізіміне енгізілді, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.
Сонымен қатар республика бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар бар. Елді мекендердің атауларын қайта атау жөнінде құрылған 2022-2025 жылға арналған жол картасы негізінде облыс көлемінде былтыр 8 елді мекен, 97 құрамдас бөлік атауы өзгертілді. Бүгінгі күні ескірген аумақтық әкімшілік атаулар саны 50 болып отыр, ол дегеніміз 11 пайыз. Биыл облыс көлемінде Саран, Теміртау қалаларында 18 білім беру ұйымының атауын қайта қарау үшін республикалық ономастикалық комиссияға жолданды.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»