Базардағы рейдтер

Ет алтынға айналғандай. Полиция мен ветеринарлар базарларда рейд ұйымдастырып жатыр. Еттің қайда шығатыны мен қауіпсіздігін тексереді. Осы уақытта адал фермерлер қажетті барлық анықтаманы жинай алмайтынын айтып шағымдануда. Мал ұстағысы келетіндердің қатары неліктен азайып бара жатыр? Сондай-ақ неге қажетті қағаздарды жинау еңсерілмейтін іске айналады?

Таңертең ертемен фермерлер базары лық толы. Полицейлер ветеринарлармен бірге әдеттегі етті тексеру үшін рейдке шықты. Бірақ аудандардан келген малшылардың бастары қатып жүр. Мал дәрігерлері олардан жануардың сау болғаны, сою пунктінде сойылғаны және ұрланбаған мал екені туралы анықтамаларды тексереді.

– Мемлекеттік органдардың мал ұрлығына қатысты өзара іс-қимыл жоспарына орай полиция қызметі, криминалдық полиция ветеринариялық ілеспе құжатсыз ет тасымалдау фактісін анықтау үшін бірлескен шаралар өткізді. Жыл басынан бері 35-ке жуық факт анықталды, – дейді Қарағанды облыстық аумақтық инспекцияның бас маманы Серік Қожахметов.

Тек осы таңертең көтерме базарда төрт фермерге ет жөніндегі анықтамасы жетіспегені үшін айыппұл салынды. Жыл басынан бері фермерлер 3 миллион теңге төледі. Әрбір заң бұзушы үшін айыппұл 78 мың теңгені құрайды. Полиция мал ұрлығымен күресіп жатқанда, фермерлер не істерлерін білмей дал. Олар санитарлық талаптар мен ережелерге қарсы емес, бірақ барлық анықтаманы жинау мүмкін емес екен. Шалғай ауылдарда мөрі бар ветеринар табу оңай емес. Демалыс және мереке күндері, яғни сауда қызатын кезде мүлдем таппайсыз. Сою цехтарының не екенін көбі білмейді.

– Ауыл тұрғыны үшін 78 мың теңге айыппұл – үлкен сома. Ауылда кіріс аз, тіпті фермер сататын қойдың біреуі 60 мың ғана тұрады. Бірақ ветеринарлар фермерлердің наразылығына мән бермейді. Олар үшін жағдай жасау – жергілікті әкімдіктегілердің міндеті, – деп отыр фермер Амангелді Қазтаев.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»