Қазақ тілінің жарқын болашағы

Астанада қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті. Нәтижесінде Қарағанды облысының үш оқушысы ЖОО-ға түсу үшін білім грантын ұтып алды.

Байқау бес бағытта өтті: «Бейнелеушілер», «Білгірлер бəйгесі», «Жас қаламгер», «Сөз шеберлері», «Əнші бұлбұлдар». Оған еліміздің әр өңірінен 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Финалға 200-ге жуық бала өтті. Олимпиадада ең жоғары нәтиже көрсеткен 30-дан астам түлек білім грантын алды.

Олардың қатарында Ш.Құдайбердіұлы атындағы Қарағанды мектебінің оқушысы Аружан Үндікерова, Бұқар жырау ауданы С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің түлегі Айзере Әбуова және Теміртау қаласының №31 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Елизавета Федорова бар. Қыздар С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университетінің және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің гранттарына ие болды.

– Мен «Бейнелеушілер» бағытына қатыстым. Бізге қазақ авторларының үш туындысын таңдауға мүмкіндік берді, олардың бірінің сюжетіне комикс түрінде иллюстрациялар салу керек болды. Мен Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындысын таңдап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дизайн және бейнелеу өнері факультетінде оқуға грант жеңіп алдым. Нәтижеме ризамын. Бірақ ҰБТ да тапсырамын, – дейді Елизавета.

Сондай-ақ облыс оқушылары жүлделі орындарға ие болды. «Жас қаламгер» номинациясынан 3-орынды Саран қаласындағы №16 ЖББМ-ның 9-сынып оқушысы Айғаным Әлімхан жеңіп алды. «Әнші бұлбұлдар» санатындағы вокалдық деңгейі үшін №48 ЖББМ-ның 7-сынып оқушысы Еркеназ Жүнісова 3-орын алды. «Сөз шеберлері» номинациясынан 2-орынға дарынды балаларға арналған мамандандырылған Н.Нұрмақов мектебінің 10-сынып оқушысы Сабина Марланқызы және Қарағанды №2 лицейінің 10-сынып оқушысы Даная Корытникова ие болды.

– Республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының ақтық кезеңінде 2-орын иелендім. «Сөз шеберлері» бағытында талантымды дәлелдеу оңай болмады, себебі қарсыластарым өте мықты. Олимпиадаға нақты ден қойып дайындалып жүргеніме 5 ай болды. Бұған дейін жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадаға және Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға катысып, барлығынан жүлделі 2-орын иелендім, яғни республикалық 3 олимпиадада бағымды сынап, үшеуінен де 2-орын иелендім. Осы олимпиадаларға барарда жинақтаған білімім «Жарқын болашақ» олимпиадасында да көп ықпал етті. Дайындығым жүйелі, бұлжымас тәртіп болды. Үнемі мотивация беріп қолдап отыратын, менімен кез келген уақытта дайындық жүргізетін ұстазым – Әкімбекова Гүлзира Зейноллақызы. «Сөз шеберлері» бағытында шешендігіңмен көзге түсіп, сөз саптауыңнын дұрыстығын дәлелдеуің керек. Мен бұл сайыста тілімнің көркемдігімен, озық идеямен көзге түстім деп ойлаймын. Абай Құнанбайұлы жайлы тақырып таңдадым, Абай атамыз туралы сөйлеуден жалықпаймын және ол кісінің шығармашылығын ерекше құрметтеймін, сүйіп оқимын, – дейді Сабина Марланқызы.

Қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы биыл 12-рет өтуде. Ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры және «Дарын» РҒПО.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»