Кіл мықтыда кім мықты?

Жалынды жарыс пен өшпес намыс. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында еркін күрестен және әйелдер күресінен 30-мерейтойлық республикалық турнир өтті. Жарыс Қарағанды облысындағы осы спорт түрлерінің негізін қалаушы Жұмажан Әкеновті еске алуға арналған.

Сағдат Әбдікәрімов күрестің спорт түрлері арасындағы ең қызықтысы әрі күрделісі екенін айтты. Оның осы салада қызмет етіп келе жатқанына біраз жыл болған. Айтуынша, еркін күреске қатысатын жастардың саны артып келеді және бұл болашақта қазақ спортына үлкен өзгеріс әкеледі.

– Осы еркін күрес пен әйелдер күресінің негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмажан Әкеновті еске алуға арналған турнир өтіп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден аса спортшы қатысып отыр. Бұл турнирдің алатын өз орны бар, жас спортшылар, танымал спортшылар осы боз кілемде күресіп, аттары шыққан, – дейді «Дәулет» балалар мен жасөспірімдер мектебі басшысының міндетін атқарушы Сағдат Әбдікәрімов.

Турнирге 2004-2007 жылдары туған ұлдар мен қыздар қатысты. Жарыс 2 күнге созылды. Жарыс қорытындысында Қарағанды облысының құрамасы бірінші орынға жайғасты.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»