Жазғы демалысты пайдалы өткіз!

Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығында тағы бір игі жоба бастау алды. Жоба аясында «Білім-инновация» лицей-интернаты мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының үздік оқушыларынан құралған «Peer To Peer» еріктілер тобы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың білім беру мүмкіндіктерін жақсарту жолында қолдау көрсетіп тегін оқытпақ.

– Біздің жобаның мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға тегін қосымша білім беру. Ата-аналар біздің еріктілерден көмек сұрай алады, ақылы оқытушыларды жалдамайды. Біздің жоба алғашқы қадамын сәуір айында онлайн режимде жасады. Қазір жобамызда Қазақстан көлемінде 112 ерікті бар. Олардың көпшілігі – еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан «Білім-инновация» лицей-интернаттарының оқушылары. Бүгін Отбасын қолдау орталығы бізге оқу аудиторияларын ұсынып, офлайн режимде жұмыс істеуге мүмкіндік берді, – деді «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Дарина Аданова.

«Peer To Peer» жобасының еріктілері республика көлемінде барлық оқушыға әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қосымша білім беруге дайын. Қарағандыда 50 оқушы өз білімін бөліседі. Сабақтар Отбасын қолдау орталығының ғимаратында өтетін болады.

– «Peer To Peer» жобасының еріктілері – халықаралық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған үздік, дарынды оқушылар. Жазғы демалыста олар балаларға мектеп бағдарламасын меңгеруге көмектеседі. 1 және 9-сынып оқушыларына математика, қазақ және ағылшын тілі, физика, химия және басқа пәндердің бағдарламасын тереңдетіп оқуға көмектеседі, – дейді «Peer To Peer» жобасының тағы бір қатысушысы Адина Абсадықова.

Офлайн сабақтар 1 маусымда басталады. Әзірге еріктілер қосымша білім алғысы келетіндерді тіркеп, ата-аналарымен бірге кесте жасауда.

Еріктілер өз бастамаларына оқушылардың ғана емес, ата-аналардың барынша жауапкершілікпен қарап, балаларының білім алуына қолдау көрсетіп, мүмкіндікті пайдалануын сұрады.

– Ата-аналарға тіркелу үшін сауалнама беріледі. Сауалнамада олар баласының қандай пәндерді терең және қай уақытта оқығысы келетінін көрсетеді. Офлайн сабақтар жаз бойы өткізіледі. Ал онлайн сабақтарды кем дегенде 2 жыл жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің қосымша сабақтарымыздың тағы бір ерекшелігі – әр балаға жеке ерікті беріледі. Біз өз білімімізді басқалармен бөлісу арқылы елімізде білімге деген қызығушылықты арттырғымыз келеді, – деп атап өтті еріктілер.

Қосымша сабақтар білім алушылардың қалауымен қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі.

Жоба туралы толығырақ мына телефондар арқылы білуге болады: +7-705-984-04-64 (Дарина Алданова), +7-700-976-71-29 (Адина Абсадықова), сондай-ақ Instagram: @peer2peer_volunteers және @otbasy.ortalygy.krg.

Ата-аналарға сілтеме: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSeMIucQCvgsntaB-9NZZL8wgE6pZQTbqAJ6OSks0BY2Zq0XSg/viewform.

Отбасын қолдау орталығы Қарағанды қаласының Чкалов көшесі, 7 мекенжайында орналасқан.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»