Балалардың жазғы демалысы
Қарағанды облысында жазғы демалыспен 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі 160 мың оқушы қамтылады. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер жұмыс істей бастайды, алғаш рет киіз үйлер орнатылған және IT-лагерь ашылады.
Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында жазғы ІТ-лагерь іске қосылады. Сондай-ақ тағы екі колледж базасында бейіндік алаңдар ашу жөнінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Ақтоғай ауданында алты күндік киіз үй лагерінде демалуға болады.
3 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істей бастайды. Бұл күні «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион» және «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары жоспарланған.
– Сауықтыру қала сыртындағы 8 лагерьде, мектеп жанынан құрылған, тамақтандыратын 423 лагерьде және бейінді мектеп жанынан құрылған, тамақтандырмайтын 452 алаңда болады. Сондай-ақ жазғы демалыс ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтиды. Жазда балалар үйінің барлық тәрбиеленушісі демалады, – деп мәлімдеді Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова аппараттық жиында.
Облыстың мамандандырылған мектептері мен инновациялық лицейлерінде жазғы тілдік мектептер мен тілдік курстар ұйымдастырылады.
«Қазақстан халқына» ҚҚ қаржыландыратын «Жазғы демалыс» жобасы аясында оқуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген балалар демалып, мектеп өміріне және түрлі олимпиада мен конкурстарға белсенді қатысады.
– Білім басқармасы балалар мен жасөспірімдердің сауықтыру демалысын, жұмыспен қамтылуын және бос уақытын ұйымдастыру жөнінде тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев. – ТЖ департаментіне ұйымдастырылған демалыс орындарында, оның ішінде тасымалдау, экскурсиялық іс-шаралар өткізу кезінде, сондай-ақ шомылу кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қатаң бақылауды тапсырамын. Облыстың Білім басқармасы, ТЖД және ПД арасында нақты өзара іс-қимыл болуы тиіс. Жұмыс тобын құру керек, барлық күш-жігер балалардың қауіпсіздігіне бағытталуы тиіс.