Әскери патриоттық жиынға іріктеу
Қаламыздағы Талғат Бигелдинов атындағы Жас ұлан Республикалық мектебінің базасында, «Айбын — 2024» республикалық жастар жиыны өтті. Шараға қатысып, Қарағанды облысының абыройын қорғауға ат салысқан, оқушылар кезең-кезең бойынша сынға түсті.
Қарағанды қаласындағы екі мәрте кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы республикалық Жас ұлан әскери мектебінің базасында «Айбын — 2024» республикалық жастар жиыны өтті. Мұндағы мақсат — Алматы қаласында өтетін кезеңге үздік құраманы іріктеу. Сайысқа Қарағанды облысы бойынша 14 пен 17 жас аралығындағы әскери — патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты. Қарағандылық мектеп оқушылары «Айбын — 2024» жастар жиынына дайындалу үстінде. Облыстық іріктеу турнирі бірнеше кезеңді қамтиды. Негізгі мақсат, жастар арасындағы патриоттық рухты көтеру. Жастарды отаншылдыққа баулитын спорт жарысы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Жарыстың бағдарламасына сәйкес, әр кезең дене шынықтыруды, стратегиялық ойлауды, командалық рухты тексеретін тапсырмаларды қамтиды. Атаулы шара ҚР Қарулы күштерінің мәртебесін биіктетеді. Жарысқа өңіріміздің әр аймағынан үздік командалар бақ сынады. Іріктеу кезеңіне 120-ға жуық қатысушы тіркелген. Қатысушылар мылтықтан ату, сапта ән айту, кедергілерден өту, садақ ату және тағы басқа кезеңдерден сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Нұркен Әбдіров атындағы мектеп алғашқы орынды иеленді. Енді олар Алматы қаласында өңіріміздің абыройы үшін күреспек. Алғашқы орын алған команданың формасы, жарыс кезіндегі жүріс-тұрыс шығындары толықтай тегін түрде жүзеге аспақ.
— Биылғы Айбын 2024 жиынына, іріктеу жұмыстары Қарағанды жерінде жүргізілді. Облыстық деңгейде сегіз команда бақ сынады. Биылғы Айбын жастар жиыны Алматы облысы, Алматы қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскері институтының полигонында өткізіледі. Айбын мерейтойлық датаға арналып отыр, — деп атап өтті, Еркебұлан Мұстағұлов, Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары.