Қараусыз мал – жол апатына себеп

Көліктердің жол үстінде жылқы мен сиырды қағып апатқа ұшырауы өңірімізде жылдан-жылға көбейіп барады. Бұған малдарын жайылымға қараусыз жіберу фактілері басты себеп екенін айтып отыр мамандар. Тіпті кейінгі кезде қараусыз қалған мал адам өміріне қауіп төндіріп тұр.

Қарағанды облысында республикалық маңыздағы жолдардың бойында қараусыз мал салдарынан көлік апаты жиілеген. 2023 жылы 5 жағдай тіркелген. Биыл үш айдың өзінде 3 апат болып, бір адам қаза тапты. Осыған байланысты жолшылар жергілікті полициямен бірлесіп ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар үлгі ретінде олардың қолындағы төрт түлікке жарыққа шағылысатын арнайы белгілер ілді.

– Малдар жол шетіне орналастырылған торларды бұзып өтеді. Онымен қоса жол шетіндегі белгілерді, қоршауларды майыстырады. Осының салдарынан қаншама шығын келеді. Сол шығын салдарынан жолды қосымша күтіп ұстау жұмыстарына кері әсерін тигізеді. Малын жол бойына қараусыз жіберген тұрғындар айыппұл төлейді. Бүған қоса көлік иесіне келген шығынды өтейді, – дейді жол жөндеу компаниясының директоры Ғалымжан Сейдімханов.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»