БОЧЧА – РУХЫ МЫҚТЫЛАРДЫҢ ОЙЫНЫ
Спорт саласында да инклюзивті орта қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша қолдау қажет. Қарағандыда боччадан өткен ашық турнир мәресіне жетті. Бәсекеде мүмкіндігі шектеулі жандар тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.
Бочча – тірек-қимылы зақымданған жандарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. Тартысты турнирге 30 спортшы қатысты. Олар – Қарағанды облысы мүгедектер спорты бойынша облыстық мамандандырылған мектептің оқушылары. Сонымен қатар Ақсу және Абай аудандары мен Павлодар қаласынан келген спортшылар да өзара бақ сынасты.
– Бочча – рухы мықтылардың ойыны. Бочча спортында әр бала мен спортшының өз категориялары бар. Мысалы, 5-1, 5-2, 5-3, 5-4, 5-5 категориясында жастарына байланысты осы спорт түрінен ойын ойнайды. Қатысушылардың арасында осалы жоқ. Жігері мен рухының асқақтығы олардың от ойнаған көздері мен жалынды жүздерінен анық байқалады, – дейді Қарағанды облысы бойынша Қазақстан бочча федерациясы басшысының орынбасары Гауһар Ақыжанова.
Хамит Достахин бочча турнирінде алғаш рет сынға түскен. Оның жеткен жетістіктері жетіп артылады. Ол – теннистен спорт шебері.
– Өткен жолы біздің Абай ауданына келіп, бочча спорты жайлы біле бастадым. Менің қолдарым нашарлау болған соң, боччаға жарайтынымды білдім. Осы – бірінші жарысым. Бұл олимпиадалық спорт түрі екен, – дейді спортшы Хамит Достахин.
Шынар Нұрмағамбетова – мүмкіндігі шектеулі баланың анасы. Оның ұлы Дамирдің боччамен айналысқанына екі жылдың жүзі болыпты. Мұндай спорттық турнирлер арбаға таңылған спортшыларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтады.
– Ұлымның жасы 16-да. Боччамен айналысып жатқанымызға 2 жылдай болып қалды. Жаттығу залына өзім апарамын. Өткен жолы Астанаға үлкен іс-шараға барып келдік. Ол жарыстан біз екінші және үшінші орын алдық. Бүгінгі сайысқа жақсы дайындалғанбыз. Бәсеке ойдағыдай болды.
Турнир «Bisfed» халықаралық федерациясының ережелері мен талаптарына сәйкес 2 күн бойы өтті. Жалпыкомандалық нәтижеде 3-орын Павлодар облысының командасына, 2-орын Қарағанды облысының Балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының командасына бұйырса, 1-орынды Қарағанды қаласының командасы жеңіп алды. Жеке ойында жүлделі орын алған Қарағанды қаласының спортшылары боччадан мамыр айында өтетін ҚР Чемпионатында шеберліктерін көрсетеді.
Айта кетейік, боччамен балалар да, ересектер де шұғылданады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін «Саламатты болашақ» жобасы аясында ашылған үйірмелер еліміздің 21 қаласында жұмыс істеп тұр. Бүгінде аталған үйірмедегі 6 жастан 43 жасқа дейінгі боччашылардың саны 200-ден асып жығылады екен.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»