Сарыарқа батырлары

Screenshot

Қарағандыда қазақ күресінен Азия кубогы өтті. Биылғы боз кілем бәсекесі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диқанбай Биткөзовтің жүлдесіне арналды. «Сарыарқа батырлары» деп айдар таққан жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Моңғолиядан балуандар келді. Жарыстың ашылу салтанатында жиналған қауымды Қарағанды дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Темірхан Абылаев құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс аясында белгілі бапкерлер Марат Жақыт пен Диқанбай Биткөзов спорт ардагері төсбелгісімен марапатталды. Сұңғыла спорт ардагері Диқанбай Биткөзов қазақ күресінен әлемдік дәрежедегі жаттықтырушылардың бірі. «ФИЛА» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, КСРО дене шынықтыру және спорт ісінің үздігі, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Диқанбай Дүржанұлы бүгінге дейін әлем және құрлық чемпиондары бастаған 20-дан астам халықаралық дәрежедегі және 200-ден астам спорт шеберін баптаған. Ел ағасы қазақ күресінен 2 әлем чемпионын және 8 Азия жеңімпазын баптап шығарды.

Screenshot

Азия кубогында Ержан Еренғайыпов пен Жұмажан Қожамбеков және Рузимон Тугушев топ жарды. 66 келіде бас жүлде Өзбекстанға кетті. Мансұр Шырынов қарсыластарын түгел жығып, кубокқа қол созды. Байрақты бәсекеге барлығы 200-ден астам спортшы қатысты. Чемпиондар 400 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші, үшінші орын алған балуандар да қаржылай марапат алғанын айтты қазақ күресінен аға жаттықтырушы Мақсат Ахметбеков.

– «Сарыарқа батырлары» 2019 жылдан республикалық турнир болып басталған. Биылғы жылдың ерекшелігі – әр облыстан бір құрама командадан қатысып жатыр. Бір салмақта бір баладан және бес мемлекеттен спортшылар қатысып жатыр, – дейді Мақсат Ахметбеков.

Азия кубогының жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. Аталмыш жарыс Азия құрлығындағы ең ірі белдесулердің бірі болды деп жоғары баға берді спорт майталмандары.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»