«Абайтану» олимпиадасы

Қарағандылық оқушылар дарынды балаларға арналған «Абайтану» республикалық олимпиадасында жүлделі бес орынға ие болды.

Алматы қаласында Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатта Абай шығармашылығын оқу арқылы оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында VІ республикалық «Абайтану» олимпиадасы өткізілді. Оған Қарағанды облысынан қазақ тілінде оқитын 9-11 сынып оқушылары арасында тоғыз оқушы қатысып, олардың бесеуі жүлделі орынға ие болды.

Бірінші орынды №61 ЖББМ-ның 10-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат иеленді. Осы мектептің тағы төрт оқушысы – Абылай Дүйсен, Алина Наурызбаева, Сезім Саят және Ақшархат Эшкулова – үшінші орынға ие болды.

– «Абайтану» олимпиадасы екі кезеңде өтті. Бірінші турда ұлы Абай мұрасы жөнінде белгілі бір тақырыптарға эссе жазу керек болды, ал екіншісінде ұлы ойшылдың кез келген шығармасын талдадық. Бұл олимпиада болғандықтан, әрине, синтаксистік және морфологиялық талдауға қатысты сұрақтар болды. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық оқушы жиналды. Мен бұл олимпиадаға бір ай шамасында белсенді дайындалдым, осыған дейін қатысқан Абайдың дәстүрлі оқуларынан алған білімім де, Абай өлеңдері мен қарасөздерін жаттағаным да оң ықпал етті. Бұл дода мектеп оқушыларының Абай атамыз жайлы білімін көтеруге, олардың ел игілігі үшін қызмет ететін азамат болып қалыптасуына, Абай аңсаған толық адам бейнесінің жас ұрпақтың арасында бой көтеруіне жақсы ықпал етті деген ойдамын. Әрине, жеңіске жету ешқашан оңай болмайды, алайда Абай атамыздың сөзімен айтатын болсақ:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дейді Нұрғасыр Изат.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»