Ерекше құрылғы

Қарағандылық ғалым тыңнан түрен түрді. Ол музыкалық шығармаларды автоматты түрде ойнатуға арналған құрылғы жасайды. Айрықша құрылғыны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің радиофизика және электроника кафедрасының қауымдастырылған профессоры Дмитрий Афанасьев ойлап тапты. Білікті ғалым былтырғы жылдың қорытындысымен жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атаныпты.

Оның ғылыми-педагогикалық қызметі электрониканы, заманауи аппараттық және бағдарламалық қамтылымды қолданбалы пайдаланумен, сондай-ақ ғылыми жобаларды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Ғалымның сөзінше, оқу-әдістемелік құралы және Web of Science және Scopus деректер базасына енгізілген ғылыми журналдарда 20-дан астам жарияланымы бар. Соңғы үш жылдағы ғылыми қызметінің нәтижелеріне сүйене отырып Дмитрий Афанасьев монография жазуды жоспарлап отыр.

– 2023 жылы Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қаржыландырған «Дыбыстық ақпаратты жаңғыртуға арналған микроконтроллерлік құрылғылар» жобасы аясында факультет студенттерімен бірлесе отырып 23 микроконтроллер құрылғысын шығардық. Біздің жағдайда бұл – музыкалық шығармалар, – дейді ғалым.

Музыкалық шығармаларды автоматты түрде ойнатуға арналған құрылғы университет аллеясында орналасқан орындықтарға қойылды. Ерекшелігі – адам бір жарым метр жақын келсе, датчик автоматты түрде іске қосылады.

Ал факультеттегі ғылыми-зерттеу зертханасының арқасында студенттер құрылғыны құрастыруға мол мүмкіндік алды. Әрі оны жасап, сынақтан өткізгенін айтады ғалым.

– Мен біздің кафедраның өркендеп келе жатқанына өте қуаныштымын. Өз басым тәжірибелі және жас қызметкерлерге дән ризамын. Әріптестеріммен бірге «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпазы атанғанымызға да қуаныштымын. Бұл – үлкен жетістік һәм асқақ абырой, – деп түйіндеді Дмитрий Афанасьев.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»