ҚҰТҚАРУШЫ – ҚҰРМЕТТІ МАМАНДЫҚ
Бүкіл әлемде құтқару қызметі халықтың терең сеніміне ие. Құтқарушының беделі халық арасында жоғары. Құтқарушы мен өрт сөндіруші – жай ғана мамандық емес. Бұл – өмір салты, жанқиярлыққа, ерлікке үнемі дайын болу, ал олар үшін жай жұмыс деп саналады. Құтқарушылар өзгелер үшін өзі тәуекелге барады.
Қарағандылық құтқарушы Президенттің атынан естелік сыйлық алды. Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарда ерекше көзге түскен Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №23 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Серік Сағаш естелік сыйлықпен марапатталды.
Сенім мен сертін серік еткен Серік Сағаш 2024 жылдың 10 сәуірінде Қарағанды облысы тобының құрамында Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізуге жіберілген болатын. Мамандығына адал азамат тұрақсыз кесте жағдайында топ құрамында тәулігіне 17-20 сағат бойы халықты эвакуациялады, бөгетті нығайту мақсатында инертті материал толтырылған қапшықтар төседі, патрульдеу және су деңгейін бақылау міндетін атқарды. Серік 2018 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет етеді. Қызмет барысында қырандай қырағы құтқарушы өзін үнемі жақсы жағынан көрсете білді. Ол міндеттерін орындауға әрдайым жауапкершілікпен қарайды.
Айта кетейік, Қарағанды облысынан жіберілген 144 құтқарушы мен 72 техника су басқан өңірлерде құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін олар 400-ге жуық адам мен 700-ден астам мал эвакуациялауға қатысқан. Бұған қоса олар 34 мың қапшық құм төсеп, 9 мың метрдей су бұру бөгеттерін тұрғызды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»