Батыр атындағы турнир

Қарағандыда даңқты майдангер Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан турнир өтті. Байрақты бәсекеге 200-ге жуық спортшы қатысты. Тарихи деректерге үңілсек, Волковыск қаласын азат ету кезінде Қазыбек Нұржанов басқаратын взвод жау тылын бұзып кіріп 100-ге жуық фашисті қолға түсірген. 1944 жылы кескілескен ұрыстардың бірінде өзі де мерт болады. Кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қарағанды қаласының жеңіл атлетика манежінде 2009-2010 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан ашық республикалық турнир басталды. Бірінші орындар мен ірі рекордтар үшін таласуға Қазақстанның үш облысы мен екі қаласынан спортшылар бас қосты. Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған ашық турнир екі күнге жалғасты. Дүбірлі додаға Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларынан 150-ден астам спортшы қатысқан.

– Біз турнирді 2019 жылдан бері өткізіп келеміз, оның республикалық мәртебесі зор. Биыл бізге Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысынан екі команда, Астана қаласының спортшылары және жерлестеріміз келді. Өкінішке қарай, өздері өтініш берген белорустар келе алмады. Қырғызстаннан да спортшылар келуі керек еді, бірақ қандай да бір себептермен келе алмады. Бұл байрақты жарыстардың басты мақсаты – батырларымызды есте сақтау, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салтын дәріптеп, жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау. Осы турнирмен жас спортшылар жазғы маусымды ашады, – деп түсіндірді жарыстың бас төрешісі Андрей Агеев.

Қыздар мен ұлдар арасында дәстүрлі түрде 50 метр, 300 метр, 600 метр, 1000 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, ядро лақтыру және аралас эстафеталар ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш жарыс алғаш рет 2019 жылдың 11 мамырында өтті. Шараға Қарағанды облысы және Беларусь Республикасынан 323 спортшы қатысты. 2022 жылы жарысқа сегіз қаланың спортшылары қатысты. Жастардың осы жарыстарда жинаған баға жетпес тәжірибесі болашақ спорттық мансабында пайдалы болатыны сөзсіз. Қазыбек Нұржановтың туыстары атынан байқаудың жеңімпаздарына ақшалай сыйақы мен сыйлықтар қарастырылған. Базарбаев Мақсат биіктікке секіруден, Спасский Дмитрий 600 және 1000 метрге жүгіруден, Максим Григорьев ұзындыққа секіруден, Борченко Марк ядро лақтырудан жоғары жетістікке жетті.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»