Әскери-патриоттық тәрбие жемісі

Қарағанды гарнизонына қарасты әскери қызметшілердің балалары Балқаш қаласында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жіберілді. Үш апта бойы балалар таза ауада денсаулығын нығайтып, шығармашылықпен айналысып, спортпен шұғылданады.

Оқу-сауықтыру кешеніне барған балалар мектеп бағдарламасынан қалмайды. Сондай-ақ лагерьде әскери іс негіздерін оқыту жөнінде практикалық сабақтарды қамтитын тиісті оқу бағдарламасы енгізілуде. «Жас сарбаз» және «Смарт-сарбаз» сыныптары ашылып, басқа да іс-шаралар жоспарлануда. Әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілеріне бірыңғай киім үлгісін енгізу мәселесі қарастырылуда.

– Мен «Балдәуренге» бару мүмкіндігім болғанына өте қуаныштымын. Мен үшін бұл жаңа білім, эмоциялар, таныстар мен достар табуыма үлкен мүмкіндік болады. Лагерь туралы әлеуметтік желідегі пікірлерді оқыдым, барлығы оң болды. Ол жерде керемет болатынына және ұнайтынына сенімдімін, – дейді әскери қызметкердің қызы Жансая Серікова.

Бұл – ағымдағы жылдың қаңтар айында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың кездесуінде жасалған келісімнің нәтижесі. Оның қорытындысында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдірудің бірлескен жоспары жасалып, кейіннен бекітілді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында әскери қызметшілер мен Қарулы Күштер қызметкерлерінің балаларына квота бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»